Түркістанда тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі Түркістан облыстық комиссиясының отырысы өтті. Осы саладағы өзекті мәселелер талқыланып, аудан, қалалардан келген ұсыныстар қаралды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев ескерткіштерді орнатуда заң талаптары қатаң сақталуы керек екенін жеткізді.
– Тарихи маңызы бар ескерткіштерді қорғау өте маңызды. Бұл бағытта жауапты басқарма мен мекеме тарапынан тиісті жұмыстар жалғасуы керек. Аудан, қалаларда жер телімдерін пайдалануға бермес бұрын тарихи және археологиялық ескерткіштер бар-жоғын анықтап, мамандардың келісімін алу қажет. Тағы бір мәселе – жаңа ескерткіштер орнатуда заң талаптары, арнайы ережелер сақталсын. Бейберекетсіздікке жол берілмейді. Ескерткіштердің тарихи мәні болғаны жөн. Халық мойындаған, елге еңбегі сіңген тұлғаларға ғана ескерткіш орнатуға рұқсат етіледі. Екіншіден, осы комиссия құрамын қайтадан жүйелеп, тәжірибелі сәулетшілерді, мүсіншілерді де енгізу керек, – деді Бейсен Тәжібаев.
Комиссия отырысында Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділ Қонысбеков «Түркістан облысы бойынша монументті өнер құрылыстары» туралы баяндама жасады. Ал Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталығының директоры Жандос Құрбан «Түркістан облысындағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің жай-күйі» тақырыбында есеп берді.
Қазіргі таңда облыс бойынша 1770 тарихи-мәдени мұра объектісі есепке алынған. Оның ішінде халықаралық маңызы бар 1 ескерткіш (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі), республикалық маңызы бар 34 (8 археологиялық, 26 сәулеттік), жергілікті маңызы бар 403 (374 археологиялық, 49 сәулеттік), алдын ала есепке алу тізімінде 1332 (оның 108 сәулеттік, 1160 археологиялық, 64 киелі объект) бар. Монументті өнер туындылары мен мемориалдық тақталардың саны – 831.
Бүгінде өңірде монументтік өнер ескерткіштерінің саны жыл санап артуы және көркемдік жағынан сын көтермейтін ескерткіштердің орнатылуы алаңдаушылық тудырып отыр. Облыс көлемінде 2022 жылы 12 монументтік ескерткіш орнатылған. Оның бірқатары заңсыз орнатылып, аудан, қала әкімдіктеріне ескерту берілген.
Ескерткіш орнату үшін жергілікті атқарушы органдар монументті өнердің құрылыстарын орнату жөніндегі ұсыныстарын аса көрнекті тұлғаның үлесін немесе тарихи оқиғаның маңыздылығын растайтын құжаттармен қоса тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға жолдайды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде арнайы комиссия шешім қабылдайды.
«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңға 2019 жылы бірқатар өзгерістер енгізілген. Өңірде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескертіштерінің мемлекеттік тізімі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 2010 жылы (434 ескерткіш) алғаш рет бекітілген. Міне содан бергі уақытта бұл мақсатта қаржы бөлінбеген. Қаржы бөлінбеуі салдарынан мемлекеттік тізімге қосымша ескерткіш енгізуді жүзеге асыру мүмкін болмай отыр. Сонымен бірге мәдени-тарихи ескерткіштерді қорғау бағытында да мәселелер бар. Кейбір әкімдіктер тарихи және мәдени ескерткіштер, археологиялық қазбалары бар-жоғына сараптама жасамай, жер телімдерін пайдалануға беріп жіберген. Заң бойынша жер телімдері тарихи-мәдени сараптамадан өтуі тиіс. Мамандар осылай жалғаса берсе, тарихи мұралардлан айырылып қалу қаупі бар екенін айтады. Облыс әкімінің орынбасары осы мәселелерді зерделеп, нақты ұсыныстар беруді тапсырды.
Жиында Жетісай, Төлеби, Шардара, Ордабасы, Сайрам аудандары мен Түркістан және Кентау қалалары әкімдіктерінің ұсыныстары қаралды. Жетісай ауданындағы Х.Доспанова атындағы №28 жалпы орта мектебінің алдынан Кеңес одағының батыры Хиуаз Доспанованың бюстін орнату, Түркістан қаласында Түркияның көшбасшысы Мұстафа Кемал Ататүріктің бюстін орнату, Желтоқсан оқиғасының қаһармандарына арналған монумент орнату және өзге де ұсыныстар талқыланды. Комиссиядан қолдау тапқандары республикалық комиссияға жолданатын болды.