Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қолжетімді және сапалы біліммен қамтамасыз ету мәселесін әрдайым басты назарда ұстап келеді. ҚР Президентінің 2022 жылғы қарашада бекітілген «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында да білім саласына басымдық берген.
Осы орайда, Түлкібас ауданы, Майлыкент ауылдық округіне қарасты Бақыбек елді мекенінде 300 орындық мектептің құрлысы жүргізіліп жатыр.
Ғимараттың бүгінгі таңда қабырғасын қалау жұмыстарының 90 пайызға жуығы аяқталған. Мердігердің айтуынша, алдағы екі аптаның ішінде шатырын жабуға кіріспек.
Аталған нысанға аудан басшысы Нұржан Ізтілеуов арнайы барып, құрылыс барысын бақылап, сапалы әрі мерзімінде аяқтау бойынша біршама тапсырма жүктеп, мектепке кірер жолының құжаттарын тез арада рәсімдеуді ауыл әкіміне тапсырды.
Содан соң, аудан әкімі жауапты мамандармен бірге, Түлкібас кентінде ағымдағы жөндеуден өтіп жатқан Б.Момышұлы мектебіне табан тіреп, атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді.
Аудандағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының қатарына кіретін мектеп 2010 жылы пайдалануға берілген. Мұнда 1200-ден астам оқушы білім алады.
Қас беті мен шатырының тозығы жеткен ғимаратқа биылғы жылы ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Қазіргі таңда шатырын жабу 70 пайызға, ал қасбетін қаптау жұмыстары 50 пайызға аяқталып отыр. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Аудан басшысы ғимаратты толық аралап, жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімінде аяқтауды мердігерге тапсырып, жауапты бөлім басшысына бақылауда ұстауды ескертті.