Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі соңғы аптада 99,8%-ды құрап, республикада бірінші орынға шықты. Өңір бағаны тұрақтандыру бойынша жыл басынан бері 101,3% көрсеткішпен республикада екінші орында келе жатыр. Аймақта 3 тауар, яғни, рожки, пияз және сәбіз бойынша баға төмендеуі байқалған. Көкөніс өнімдерімен қатар, Тұрақтандыру қорында форвардтық келісім, «айналым схемасы» және барлық әлеуметтік азық-түлік тауарлары бойынша 4,5 млрд. теңгеге 17 мың тоннадан астам қор жасақталған. 2023 жылғы 16 қазандағы жағдайға
Облыс әкімі аппаратының мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды бағаны тұрақтандыру, тауар тапшылығының алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүелі түрде жалғастыруды тапсырды.
– Халық және көпбалалы отбасылар саны жөнінен Түркістан облысы алғашқы орында. Сондықтан бағаның тұрақты әрі азық-түліктің жеткілікті болуы аса маңызды. Тұрақтандыру қоры тұрақты түрде толықтырылып, маусымаралық кезеңде бағасы өсуі мүмкін азық-түлік пен көкөніс қоры жасақталсын. Қатаң қадағалап, бақылауда ұстаңыздар. Екіншіден, облыстың екі аумағынан көкөніс сақтау қоймасын салу жұмысын жеделдеткен жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, азық-түлік тауарлары бағаларын қолжетімді ету үшін 30 әлеуметтік дүкен қызмет етеді, қосымша 20 дүкен іске қосылуда. Бағаны негізсіз өсірмеу және сауда үстемесін асырмау үшін қала аумағындағы барлық негізгі супермаркеттермен меморандумдар түзілген. Супермаркеттермен міндеттемелердің орындалуы тұрақты мониторингтік бақылауда.
2024 жылғы маусымаралық кезеңде көкөніс қорларын қалыптастыруға қатысты барлық көкөніс өнімдері бойынша форвардтық келісімшарттар жасалды. Қажеттілік 6 376 тонна, болса, форвардтық келісімшарттар 9 786 тоннаға жасалған. Қажеттіліктің қамтамасыз етілуі 153% құрайды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспановтың мәлімдеуінше, 2023-2024 жылдың маусымаралық кезеңіне тұрақтандыру қорын көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін 8 тауар өндірушімен 1,8 млрд. теңгеге жалпы 6 093 тонна картоп, 3724 тонна сәбіз, 3200 тонна пияз, 2350 тонна қырыққабат өнімдеріне және күріштің 2234 тоннасына сақтау мерзімімен форвардтық келісімшарттар жасалды. Заң талаптарына сәйкес 884 млн. теңге қаражаты алдын ала төлем жасалған. Түркістан облысы бойынша нан бағасын тұрақтандыру мақсатында қажеттілікке орай 3 айға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы «ҰҚ» АҚ-на 1 сұрыпты, арзандатылған 9233,25 тонна бидайға өтінім беріліп, үшжақты меморандум арқылы қазан айына жоспарланған астықтың 3077,75 тоннасы жеткізілген.