Түркістан шаһарында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Туристер мен тұрғындардың баратын саялы мекендерінің бірегейі саналатын «JIBEK JOLY» саябағы. Саябақ Шымкент қаласы бағытынан кіреберіс сол қанатта, нақтылап айтар болсақ, Бекзат Саттарханов даңғылының оң қанатына орын тепкен. Ауқымды жоба 30 гектар аумақты алып жатыр. Оның ішінде 12.5 гектары аттракциондар саябағы ретінде жобаланған. 5 гектары аллея жұмысы болып табылса, қалған 12.5 гектары ландшафты серуендеу аймағы болып саналады.
Әлемдік тәжірибелерді көзде ұстай отырып шаңырақ көтеріп жатыр деуге болады. Көршілес Ресейдің Краснодар қаласында салынған «Краснодар» саябағы осының баламасы. Жер көлемі жағынан 22.7 гектар аумақты алып, толып жатқан ерекшеліктерімен әлем назарын аударыпты. Ал киелі қаладағы саябақта өзіндік өзгешелігімен, жаңашылдығымен тұрғындар көңілінен шығады деген сенімдеміз.
Тамаша демалыс орындардың біріне айналатын жобаның орналасу аумағын пайыздық көрсеткіш бойынша пайымдай кетейік. Бұл жерде 70%- ды құрайтын еркін серуендеу аймағы келушілерді бірден өзіне тартады. Барлық жағдай жіті қарастырылған. Көркі көз тартатын тамаша көріністер, отырып демалатын орындықтар, аркалар, алуан түс шығарып аспанға атылып тұратын субұрқақтар, ескі заманды есіңе түсіретін түйелі керуендер мүсіні секілді бар кереметтер орналасқан. Жарық бағаналары да ерекше түс алған. 25%-ын алып жатқан демалыс орнын да жаяу жүргіншілер жолы, теннис үстелі, футбол, баскетбол алаңдары, веложолдар салынған. Балалардың емін-еркін ойнап, сейілдеуін қамтамасыз ету бағытында түрлі-түсті ойын алаңшалары да бар. «Ертегілер әлемінде» деп аталатын арнаулы орын ойластырылған. Енді қалған 5% келушілер үшін автотұрақ қызметін атқарады. Сонымен бірге сусын, шай, кофе секілді ішіп-жем сатылатын кіші бутиктер жұмыс жүргізеді.
Саябаққа барушыларды бірден таңғалдыратыны аспанмен таласып тұрған еңселі есік болатыны күмəнсіз. Таңғала және қызыға аяқ басқандарды өзіне жетелейтін тағы бір орын орталық алаңдағы «Әлем шатыры» мұнарасы. Айналмалы тас жол арқылы төбесіне шыға қалсаңыз төңіректің төрт бұрышына көзіңіз жетеді. Ол бейне бақтың дүрбісі секілді. Қай жерге қандай нысандар орналасқан, қай төңіректен бастап қыдыруға болады деген сұрақтың бәріне жауап табылады.
Енді бір айта кететіні сумен қамтамасыз ету жүйесі толығымен автоматтандырылып, көгалдандыру жұмыстары да тыңғылықты орындалған. Әлемдік экологияда сирек кездесетін ағаштар, гүлдер, шыршалар егілген. Құмарыңнан қанғанша ойнауға болатын ойын алаңшалары, тамашалайтын нысандар жүйелі бой көтерген.
«Мың естігеннен бір көрген артық» дейтін аталы сөз бар. Осы оймен қарағанда біз керемет саябақ хақында жеткізе айтсақ та, барып көзбен көруге тура келеді. Біздің білетініміз көргендер де, көрмегендер де арманда. Алматы, Ақмола, Қарағанды облыстарының тапсырысы бойынша бой көтерген саябақ киелі шаһарға келген әр туристің арнайы баратын аяулы мекеніне айналатынына сеніміміз мол.
Ү.БАҒДАТ.