Түлкібас ауданы «Атабұлақ» спорттық туристік нысан жанынан жазғы спорттық трамплин құрылысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталған болатын. Еркін стильдегі спорт түрінің трамплині республика бойынша 6 облыста ғана бар. Аудандар арасында алғаш рет Түлкібаста Пістелі елді-мекенінде салынып жатыр. Бүгінгі таңда нысанда 18 адамға шақталған қонақ үй мен 60 спортшыға арналған спортшылар үйі, фитнес зал, монша, асхана жұмыс жасап тұр. Мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның жалпы құны 586 млн.тг.
Аталған нысанға Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов арнайы табан тіреп, ондағы атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты. Өз қаржы есебінен нысанды соғып жатқан кәсіпкер, аудан әкімінен құжаттарын рәсімдеуге қатысты көмек беруін сұранды. Аудан басшысы кәсіпкерге Заң аясында барлық қолдауларды көрсететуге дайын екенін жеткізіп, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
-Жалпы, бұл спорт түрімен аудан жастары әлі таныс емес. Өйткені, біздің түскей өңірде қар жату мерзімі қысқа болғандықтан бұл спорт түрімен шұғылданатындар қатары да, қызығатындар қатары да сирек. Дегенмен, Шымкент қаласында орналасқан 8 спорт мектебінде фристайл спорт түрі, Қазақстан бойынша 6 облыста бұл спорт түрімен шұғылданатын спортшылар бар. Әр мектепте шамамен 120-150 бала осы бағытпен айналысады. Түлкібастың төрінен салынып жатқан трамплиннің аналогы жоқ. Көктемде спортшыларға арнап үлкен спорт зал салынды. Онда барлық құрал жабдықтар қойылған. Жазғы трамплингке қызығушы жастар болса мамандандырылған мектептегі спортшыларды және ауыл жастарын шақырып алғашқы уақыттарда арнайы жиындар өткізуге мүмкіндік береміз, деді кәсіпкер Тимур Нарымбетов.
Айта кетерлік, аудан аумағында инвесторларды тартып, жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыру мақсатында жүейлі жұмыстар атқарылуда.