Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысына іс-сапары аясында Арыс қаласында жұмыс сапарымен болды.
Алдымен министр «Нұра топтық су құбыры» РМК «Оңтүстікауызсуфилиалы» Арыс топтастырылған су жүйесі өндірістік бөлімшесіндегі Арыс су қоймасына барды.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова шаһар тұрғындарын таза ауыз сумен қамту бойынша жаңа жобалармен таныстырып, су мәселесін шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жан жақты баяндады. Жаңа заманауи су тазалау станциясын салу қажеттілігін айтқан шаһар басшысы, жоба жүзеге асқанда 31 мың халыққа таза су жеткізуге қауқарлы екендігін жеткізді.
Бұдан кейін, министр «Көксарай» су реттегішінің жәй-күйімен танысып, ондағы жағдайды бақылады. Министр шаруаларды ағын сумен қамту бағытында әлі де атқарылар істердің ауқымдылығын айта келе, су үнемдеу шараларын жетілдірудің маңыздылығына тоқталды. Осы бағытта жұмыла жұмыс істеп, суды тиімді жеткізе білуде мекемеге артылатын сенім мол деді.