Елімізде қазан айының екінші жексенбісінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мерекесі аталып келеді. Бұл дата Біріккен ұлттар ұйымының ұйғарымымен 1992 жылдан бастап атап өтілуде. Мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын сақтау, әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша назар аудару.
Осы орайда Келес ауданындағы «Қазыналы қария – тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында «Жүректен-жүрекке» атты мотивациялық-реабилитация ісшарасы өткізілді. Шараға Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев және аудан әкімі аппаратының басшысы Бахтияр Абдрахманов арнайы қатысып, ерекше жандарды мерекемен құттықтады.
— Мен осындағы азаматтарды «Ерекше» жандар деп атағым келеді. Тағдырдың қаншама сынағына қарамастан, өмірде өз орынын қалыптастыруға күш-қуат тауып жүрген нағыз батырлар арамызда отыр. Бұл қасиеттер құрметке лайық. Баршаңызды аудан басшысының атынан арнайы мерекелеріңізбен құттықтаймын. Деніңізге саулық, отбасыларыңызға ырыс-ынтымақ тілеймін, — деді Даурен Сариев.
Іс-шарада спорт түрлерінен күрес, жеңіл атлетика, шахмат-шашка, үстел теннисі бойынша спортшылар өз шеберліктерін көрсетті. Ерекше адамдар арасында қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, өздері жасаған қазақи ою-өрнектермен нақышталған бұйымдарын және моншақтан жасалған түрлі мүсіндерді көрсетті. Өнерлі 18 жасқа дейінгі балалар және ерекше жандар күй тартып, ән айтты.