Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың аудан тұрғындарымен кездесуі Ақтөбе ауыл округінде өтті. Аудан басшысы алдымен ауылдағы биыл пайдалануға берілген балалар ойын алаңшасының құырылыс сапасын бақылап, ауыл қарияларымен жүздесті.
Ақтөбе ауылында атқарылған істер аз емес. Мәселен ағымдағы жылы Батырша Сейілбеков көшесіне асфальт төселіп, М.Әлімбеков көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін жергілікті төртінші бюджет қаражаты есебінен 3 көшеге жарықтандыру жұмыстарын жүргізу күтілуде. Сонымен қатар тамыз айында 150 орындық мәдениет үйінің қазығы қағылып, бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Өндірістік кестеге сәйкес 2024 жылдың маусым айында құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға беру жоспарланған.
Сапар барысында аудан басшысы ақтөбелік жеке кәсіпкер Нұрғали Мұрат жетекшілік ететін «Оңтүстік Алтайыр» ЖШС-нің егістік алқабында болды. Бүгінгі таңда 320 га, оның ішінде 220 га тың (севооборот) алқапқа түрен салып, жүгерінің жаңа «Lexus FAO-700», «Sygenta Gladuis» сортын еккен. Жаңа сорттың өнімділігі де өзге жүгері сортына қарағанда мол болып, әр гектарына өнімділік 150 центнерге жетіп отыр. Жүйек аралығына 70 см қашықтықты сақтай отырып, ғылымға негізделген егілген жүгерінің жаңа сортынан 2500 тонна өнім алуды жоспарлап отырған кәсіпкер Нұрғали Бекбосынұлы жиналған өнімді жауын-шашынға қалдырмау үшін мобильді кептіру кешенін алып жатқанын тілге тиек етті. Кәсіпкер болашақта жүгері кептіру және құрама жем шығаруды қолға алмақ.
Аралау барысында кәсіпкердің жұмысына оң бағасын берген аудан әкімі алдағы істеріне сәттілік тіледі.
Мұнан соң Шілік, Қарақоңыр ауыл округтерінде болып, ауыл азаматтарымен кездесті. Кездесулерде қос ауыл округінде атқарылған жұмыстардың барысына тоқталып, алда атқарылатын жоспарларымен бөлісті.
Ағымдағы жылы Ескі Шілік, Шәмші ауылдарында балалар арналған ойын алаңдары салынған болатын. Мұнан бөлек ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес аяқжол салу, ішкі көшелерге асфальт, тас төсеу жоспарлануда. Шәмші ауылына кірер жолдың бойына абаттандыру жұмыстары жүргізілсе, демеушілер есебінен «Қара-Қоңыр» мешітінің ғимараты қайта тұрғызылды.
Елді мекендерді аралау барысында аудан әкімі орындалған және жоспарланған жұмыстарды пысықтап, тиісті сала басшыларына тұрғындардың сұранысы және экономикалық жағынан тиімділігі жоғары жобалар бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.