Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтты. Бұл шындық. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін ең алдымен оның дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді анықтауға тиіспіз. Оларды біртіндеп шешуді қолға алсақ, алға қойған мақсаттар да өздігінен орындала бастайды. Яғни ауыл шаруашылығы өнімдері артып, азық-түлік қауіпсіздігі төмендейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен ұлықтау рәсімінде «ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын» деген сындарлы сөз айтты. Бұл көптің көкейінде жүрген ой еді. Сондықтан жұртшылық та жылы қабылдады. Президент сол күні ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойды және осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Осы орайда, Ордабасы ауданының әкімінің міндетін атқарушы Қыдырбай Сейтқұлдың төрағалығымен апталық аппараттық мәжіліс өтті.
Жиналыстың күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Тарқатып айтар болсақ, ауыл округтердегі орталық көше бойындағы кәсіпкерлік нысандарының қасбеттерін ретке келтіру, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы, күзгі тал егу кезеңіне дайындық және ғарыштық түсірілім барысында анықталған күл-қоқыстарды тазалау барысы туралы сала жауаптылары есеп берді.
Аудандық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұрат Махаұлы өз баяндамасында ауылдық округтердің көрнекі жарнамалық құралдарындағы кемшіліктерді тізбелеп берді.
Өз кезегінде Қыдырбай Құнанбайұлы көше қасбетінің реттелігіне немқұрайдылық танытқан ауыл әкімдеріне ескерту жасап, кемшіліктерді ретке келтіруді тапсырды.
Аппараттық мәжілісте аудандық Ауыл шаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы Берік Алтынбеков және Бадам, Шұбар, Қараспан, Бөржар ауылдық округ әкімдері «Ауыл аманаты» жобасының округтерде орындалу барысына тоқталды.
Анығында ауданымызда «Ауыл аманаты» бағдарламасы мал шаруашылығында сүт өндірісі бағытында, өсімдік шаруашылығында жылыжай бағыты бойынша жүзеге асырылса, аталған бағдарламаға төрт ауылдық округте жүзеге асуда. Мәселен, бөржарлық шаруалар құс, мал шаруашылығы бойынша жоғарыдағы бағдарламаға қатыса алады.
Аудан әкімі Азат Оралбаевтың тапсырмасына орай күзгі тал егу кезеңіне дайындық жұмыстары бойынша аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаков баяндама жасап, жасылдандыру бойынша жоспарымен бөлісті. Әрі егілетін тал түрлері мен тал егілетін орындарды анықтап берді. Сондай-ақ, ғарыштан түсірілген топографиялық фотолар арқылы аудан аумағында заңсыз төгілген күл-қоқыс орындарын көрсетті.
Қыдырбай Құнанбайұлы ауылдық округ әкімдеріне аталған олқылықтарды тез арада ретке келтіріп, ауыл келбетін ажарландыруды тапсырды.