Түркістан облысында «Туған жер – алтын бесігім» атты мәдени байланысты нығайтуға бағытталған қала, ауданаралық мәдениет күндері Ордабасы ауданының Арыс қаласында өнер көрсетуімен жалғасты.
Алғашқы күні Ақдала ауылдық мәдениет үйінде Ордабасы ауданы өнерпаздарының және «Ордабасы» фольклорлық халық ансамблінің қатысуымен мерекелік концерт өтті. Шараға Ордабасы аудандық мәдениет үйінің директоры Гүлзина Балабиева қатысып, жаңадан ашылған мекеменің барша қызметкерлеріне жұмыстарына сәттілік тіледі. Кеш барысында жеке күйшілер, «Ордабасы» тобы, Назерке Айлез бен Қуат Есімбек ән салса, Нұрсұлтан мен Сандуғаш екі шектің шеберлігін күймен әсерлі жеткізіп көрерменге ерекше әсер қалдырды. Берік Сағатбекұлы, Ескермес Нұрбек, «Дарын» тобы халық әндері мен композиторлардың әндерін шырқап, ерекше ықыласқа бөленді. Сонымен қатар Оқу ісінің үздігі, Ы. Алтынсарин медалінің иегері, Ордабасы ауданының құрметті азаматы Айгүл Сейтова жетекшілік ететін «Асыл әжелер» ансамблі де өз өнерін көпшілік назарына ұсынды.
Шараның екінші күні Арыс қалалық мәдениет үйінде Перизат Баймаханова жетекшілік және режиссерлық ететін «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер Үлгілі театры «Көңілді көбелектер», «Сәулелі сезім» қойылымдары сахналанды.
Ордабасы ауданының Арыс қаласындағы мәдени күндері Әл Фараби алаңында өткен Гала-концертпен қорытындыланды. Шараға Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов қатысып, арыстықтарға өз алғысын білдірді. Кеште «Арай» вокалды аспаптар ансамблі және ордабасылықтар өнерпаздар арыстықтарға мерекелік көңіл күй сыйлады.