Кентауда қала күніне орай «Жаса, жайна ару қалам – Кентауым» атты салтанатты шарасы өтті. Мереке аясында 20-ға жуық маңызды шара ұйымдастырылып, Ынтымақ алаңында кентаулық өнерпаздардың қатысуымен өткен концертпен қорытындыланды.
Салтанатты шараны Кентау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қуаныш Искаков пен қалалық маслихат төрағасы Қабылан Елеусізов ашып берді.
– Кентау қаласының күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы жылдар аралығында қаланың басынан көптеген жағдайлар өтті. Қаншама ақын, композиторлар әнімен тербетті. Сондай ұлылардың ізі қалған, әсем де сұлу қаламыз біз үшін ыстық мекен. Кентау қаласының тарихы еліміздегі пайдалы қазбаларды игерумен тығыз байланысты. Мен осы қаланың тұрғыны ретінде, қала тарихындағы кен өндіруде әлемдік рекордтарды орнатқанын әрдайым мақтанышпен айтамын. Бұл кентаулықтардың символына айналған таңба секілді, ұрпақтан ұрпаққа айтылып отыратынына кәміл сенемн, – деді Қуаныш Искаков.
Мерекелік шарада қаланың дамуы жолында еселі еңбегі айрықша 10 азаматқа «Қаланың құрметті азаматы» атағы берілсе, бірқатар азаматтар «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және қала әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Мәдениет сарайының өнерпаздары алаңға жиналған кентаулықтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Салтанатты кеш соңы отшашуға ұласып, тұрғындарды ерекше күйге бөледі.
Соынмен бірге, Кентау қаласының 68 жылдық мерекесіне орай, қаланың әлеуметтік және экономикалық дамуы жолында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтардың еңбектері еленіп, құрметке бөленді. Кентау қаласы әкімдігінде өткен мерекелік кездесуде қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, қалалық маслихат төрағасы Қабылан Елеусізов тұрғындарды қала күнімен құттықтады.
«Қаламыз мына өздеріңіздей тұрғындардың еңбекқорлығы мен бірлік-берекесі талай жылғы ерен еңбектің, бауырмалдықтың арқасында қалыптасты. Сондықтан да Кентау – қиындықтан тайсалмайтын, еңбектен жиренбейтін нағыз еңбекқор, отансүйгіш, ел мен жердің абырой-беделі үшін тау қопарып, тас тескен елжанды еңбек майталмандарының қалашығы, әлеуеті мықты «кадрлар ұстаханасы» аталған. Сіздерге алғысымыз шексіз» деді Ақнұр Нұралықызы.
Мерекелік кездесуде бірқатар азаматтар «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен және қала әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Сондай-ақ қалалық маслихат төрағасының алғыс хаттары табыс етілді.