Кентау қаласында Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында «Қала күні» мерекесіне және «Кентау шұғыласы» газетінің 90 жылдығына арналған «Кентауым – мәуелі гүл бағым» атты Республикалық ақындар айтысы өтті.
Айтыссүйер қауымның басы қосылған жыр додасында елімізге танымал ақындар сынға түсіп, қаланың кешегісі мен бүгінін жырға қосты. Сондай-ақ, руханият пен мәдениет жайы сөз болды. Жүйріктердің өнерін тамашалаған кентаулықтар шабыттана қол соғып, ерекше қолдау білдірді.
Ақындар айтысында Әбдіхалық Әбдіраймов, Әбжет Бақыт, Маржан Есжанова және Ләззат Сарыбаевалар қазылық етті. Он ақын қатысқан айтыста бас жүлде — Бекарыс Шойбековке бұйырса, 1-орынды Қару Нұрзат, 2-орынды Шұғайып Сезімхан мен Біржан Байтуов алды. Ал 3-орынды Орал Карима мен Оразымбет Бөрібай иеленді. Мұхтар Ниязов «Қаныбек Сарыбаев» атындағы, Сырым Әуезхан «Әселхан Қалыбекова» атындағы, Нұрлыбек Мейірманов «Тәушен Абуова» атындағы, Мұхамедқан Сіламхан Кентау қаласы әкімінің арнайы жүлдесімен марапатталды.
Кентау — табиғаты тамаша, жері құнарлы ел-жұрттың ықыласы ауған қала. Кентау қаласы — бүгінгі күні кеңге қанатын жайып, өркендеп келеді. Көптеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің тағдырлары тоғысқан Кентау қаласында ынтымақтастықтың көрінісін тұрғындардың бірлігі мен тірлігінен байқалады.
Қалалық білім бөліміне қарасты Оқушылар үйінің ұйымдастыруымен, Кентау қаласының 68 — жылдығына арналған «Кентауым – гүлбағым » атты мерекелік іс — шара өтті. Кентау оқушылар үйінің директоры Халуа Мамбетбаева көрермендерді қала күнімен құттықтап, балалардың өнерін қолдап жүретін ата-аналарға алғыс білдірді.
Мерекелік шарада Оқушылар үйінің дарынды жастары өз өнерлерін ортаға салып, келген көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлады. Мың бұралған бишілер ұлттық көріністі көрсетсе, өнерлі балалар патриоттық әндер шырқады.
Бүгінгі таңда қалалық Оқушылар үйінде 1300 дей дарынды бала 45 түрлі үйірмеде өз өнерлерін шыңдап, білікті ұстаздардан тәлім алуда.