Елімізде болып жатқан саяси жаңғырулар енді экономикалық өзгерістерге ұласпақ. Президентіміз өз Жолдауында экономикалық дамудың нақты бес бағдарын айқындап, дамудың даңғыл жолын көрсетті.
Жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, стратегиялық инвестиция, Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, Заң мен тәртіп – Жаңа Қазақстанның бес тұғырына айналмақ.
Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастаған, құрамында Сайрам, Сауран, Отырар, Қазығұрт, Ордабасы аудандары және Кентау қаласының әкімдері, сонымен қатар кәсіпкерлерден құралған Түркістан облысының делегациясы Қытай Халық Республикасының Линьцин қаласына іссапармен барды.
Мақсат – облысқа инвестиция тарту, екіжақты сауда мен экономикалық ынтымақтастықты арттыру және жергілікті кәсіпкерлермен тәжірибие алмасу.
Делегация алғашқы күні Қытай Халық Республикасының Шандонг провинциясының Линьцин қаласының әкімшілігі және бизнес өкілдерімен кездесті. Жиналыста Линьцин қаласының басшылығы қаланың тарихын, бизнес климатын, ауыл шаруашылығы, өндіріс, қайта өңдеу салаларында жеткен жетістіктерімен таныстырды.
Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысының орынбасары С.Көшкінбай Түркістан облысы делегация құрамын таныстырып, облыстың инвестициялық тартымдылығы бойынша әзірленген арнайы видеоматериалды көрсетті. Сонымен қатар облысқа инвестиция салудың тиімділігі бойынша арнайы презентация жасалды.
Түркістан облысы және ҚХР Шаньнуднг өлексі арасындағы ынтымақтастық, экономикалық, сауда және ауыл шаруашылығы байланыстарын арттыру бойынша меморандумдарға қол жеткізілді.
Түркістан облысынан барған делегация кезекті іссапарын ҚХР Шаньдун өлкесінің ірі өнеркәсіптік қаласы Ляочен қаласында жалғастырды. Ляочен қаласында Ляочен және Линьцин қала әкімшілігі басшылары және өндірістік кәсіпорындарының қатысуымен үлкен кездесу өткізілді. Кездесуде Түркістан облысының экономикалық жағдайы және инвестициялық мүмкіндіктері жөнінде презентация жасалды. Ляочен және Линьцин қалаларының өкілдері де өздерінің экономикалық әлеуеттерін таныстырып, Қазақстан Республикасымен сауда- экономикалық мүмкіндіктерін ортаға салды.
Кездесу қорытындысымен, Түркістан облысының Сайрам, Сауран, Ордабасы, Отырар, Қазығұрт аудандары, Кентау қаласы әкімдіктері және ҚХР Ляочен және Линьцин қалалары арасында ынтымақтастық, экономикалық, сауда, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салалардағы қарым қатынасты нығайту жөнінде арнайы маңызды меморандумдарға қол қойылды. Сонымен бірге «Turkistan invest» ЖШС де Қытай компанияларының бірімен меморандум жасай білді.
Меморандумға сәйкес, қол қойылған өңірлер әкімдері екіжақты мәселелер бойынша тұрақты байланыс орнатып, кәсіпорындар ашу бағытында жұмыс жүргізеді.
Түркістандық делегацияның іссапары Қытай Халық Республикасының ірі өндірістік кәсіпорындарын аралаумен жалғасады. Келіссөздер жүргізіліп, келісімдер жасалады.