Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтты.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы өз Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешенін субсидиялаудың ұзақ мерзімді жаңа тәсілдерін әзірлеуді тапсырды. Кәсіпкерлерге жерді жедел әрі ашық бөлудің тиімді әдістерін тұжырымдау жөнінде Үкімет алдына міндеттер қойған еді.
Түркістан облысының оңтүстік аудандары егістік егуге қолайлы. Сондықтан бұл аудандардағы кәсіпкерлер соңғы жылдары жаңа әдістерді тиімді пайдаланып келеді. Сарыағаш ауданы, Тегісшіл ауылдық округі, Мәдениет елді мекенінде кәсіпкер жаңа әдіспен құлпынай өсіруді қолға алған.
10 жылдық тәжірибесі бар жеке кәсіпкер Италия және Голландия елінде осы саладағы кәсіби мамандармен тәжірибе алмасқан. Қазіргі таңда жоба технологиясы бойынша құлпынайларды ашық далада тығыз орналастыру және тамшылатып суарудың автоматты жүйесі арқылы өсіру жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Мұнда 15 тұрақты, 40 маусымдық түрде тұрғындар жұмыспен қамтылған. Жеке кәсіпкердің айтуынша, 24 га аумақта өсірілуі жоспарланған құлпынай күннің нұрымен және арнайы тігілген көрпешелердің көмегімен жылытуды қажет етеді.
Аудан басшысы Арман Абдуллаев шаруашылық жұмыстарымен танысып, Тегісшіл ауылдық округі жаңа жұмыс орындарымен толығып келе жатқанын тілге тиек етті.