Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтты.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы өз Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешенін субсидиялаудың ұзақ мерзімді жаңа тәсілдерін әзірлеуді тапсырды. Кәсіпкерлерге жерді жедел әрі ашық бөлудің тиімді әдістерін тұжырымдау жөнінде Үкімет алдына міндеттер қойған еді.
Жетісай ауданында биылғы жылдың 9 айында кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүргізілген жұмыстар сараланған жиын өтті. Жиында «Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге күзгі жеңілдетілген бағада дизель отынының таратылуы» және кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі мобильді топпен жүргізілген жұмыстар жайы сөз болды.
Мемлекет басшысының кәсіпкерлер мен инвесторлардың алаңсыз жұмыс істеуіне барынша жағдай жасау туралы тапсырмасы бойынша нақты атқарылған шаралар туралы есеп берілді. Сонымен бірге, кәсіпкерлермен «Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топпен» қабылданған шаралардың жеделдігіне назар аударылып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің нақты сұрақтары жан-жақты талқыланды.
Кездесуге Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы Жетісай аудандық филиалы, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшылары және Жетісай ауданы прокурорының орынбасары Ырысбек Ерназаров қатысты. Жиналыс барысында жеңілдетілген бағадағы дизель отынын алу барысындағы «ҚазАгро» қосымшасына назар аударылып, салалық қызметкермен қолданылу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.