Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың өңір тұрғындарымен ІІІ тоқсандағы кездесуі Бірлік ауылдық округінде жалғасын тапты. Бірлік ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесу еркін форматта өтіп, тұрғындар сауалына жауап берілді. Алдымен өткен кездесуде көтерілген мәселелердің шешілу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған аудан әкімі алдағы жұмыстардың жоспарымен де бөлісті.
— Бүгін, Бірлік ауылдық округіне өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмыз. Сіздерге осы есепті кездесуге өз уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге алғыс айтамын. Өткен кездесулерде маңызды 5 мәселе көтерілген. Сол мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде, — деді аудан әкімі.
Аудан басшысының Бірлік ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесулерінде Бірлік ауылдық округіндегі Бірлік, Жаңатіршілік, Үшағаш және Қосөткел елді мекендеріне табиғи газ тарту мәселесі қозғалған еді. Нәтижесінде қазіргі таңда ішкі жүйелерінің және жеткізуші газ құбырларының (магистраль) құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлдіруге ұсыныс енгізілді. Сонымен қатар, Үшағаш елді мекеніне 150 орындық мектеп құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық құрылыс басқармасы тарапынан мемлекеттік сараптамадан қайта түзету (корректировка) жұмыстары жүргізілуде.
Ал, Бірлік, Жаңатіршілік елді мекендерінде таза ауыз су тартатын насосты қуаттылығы жоғары насосқа ауыстыру мақсатында алдағы сессияда қаржы қаралатын болады. Қосөткел елді мекенінің электр желісіне сәулет-жоспарлау тапсырмасын дайындау үшін тиісті мекемелерден келісім алынып, жер таңдау актісі жасалған. Алдағы уақытта жобалық-сметалық құжаттары әзірленетін болады. Сонымен қатар аталған елді мекенде медициналық пункт салу жоспарлануда.