Отырар ауданында «Тәрбиелі жастар – қауіпсіз қоғам» атты аудандық жастар форумы өтті. Еркін форматта өткен форумға құқық қорғау органдары мен зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, ақсақалдар мен аналар кеңесі, жергілікті тұрғындар, ұстаздар, студенттер мен оқушылар, БАҚ пен әлеуметтік желі белсенділері, жалпы 400-ден аса жас қатысты.
Жастарды ұлтжандылыққа, отанды құрметтеуге бағытталған шара Отырар халық театрының жастар тәрбиесіне қатысты сахналық қойылымымен басталды. Сахна төрінде қасиетті Отырар топырағында туылып, білім мен ғылым шыңын бағындырып әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл Фараби бабамыз жастарға тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы екенін айтып, тәрбие ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұрағы екенін жеткізді.
Мұнан соң іс-шара ашық деп жарияланып, еліміздің мемлекеттік Әнұраны орындалды. Форумға арнайы қатысқан аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов құттықтау сөз сөйлеп, қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Бүгінде жастарға деген қамқорлық барлық салада көрініс беруде. Елімізде қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламаларда жастардың рөлі мен белсенділігіне айрықша мән берілген. Сіздерге мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Ендеше, аудан жастары мемлекетіміздің өркендеуі мен жарқын болашағы жолында жастық жалынымен, ерік-жігерімен, аянбай еңбек етіп, ел үмітін ақтайды деп сенемін» — деді.
Шара барысында аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Ермек Өсербаев пен аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Азамат Досанов жастар арасындағы құқықбұзушылықдың алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы, сондай-ақ діни экстремизм мен нашақорлық секілді жат қылықтардың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстары туралы баяндады. Өз кезегінде ауданымыздағы білім саласының ардагері Белгібай Мәрия Имансарықызы жастарды үнемі пайдалы іспен айналысып, жақсылық жасауға шақырып, тәрбиелік мәні бар оқиғаларды әңгімелеп берді.
Форум соңында аудан өнерпаздары патриоттық әндерді шырқап, шараға қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.