Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Бадам ауылдық округінің тұрғындарымен есепті кездесуінде
8 айдың қортындысы бойынша халық алдында есеп берген аудан басшысы тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы ауқымды жобалар жөнінде айтып өтті.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының 6 бағыты бойынша ауылдық округте 72 құжат мақұлданып, 53 жобаға 301,5 млн теңге несие берілген.
Бадам — ауданымыздағы ең ірі индустриялдық аймақта орналасқан ауыл. Осы жылдың 6 айында ауылда 2 ірі инвестициялық жоба іске асырылып, құны 1 млрд 840 млн теңгені құраған.
Аудан әкімі тұрғындармен өткен кездесуінде ауылдың инженерлік-инрақұрылым саласына, оның ішінде жол, электр энергиясы, ауыз су, көгілдір отынмен қамтуға бағытталған жобалар жөнінде баяндама жасады.
Тарқатып айтар болсақ, биыл Бадам ауылы Орда мөлтек ауданындағы ауруханаға баратын жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаз айында пайдалануға берілген.
Ал, Бадам, Дербес, Мамыр, Ордабасы, Қарабастау және Ақбұлақ елді мекендері толықтай электр энергиясымен қамтылса, осы жылдың қазан айында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында Бадам ауылындағы КТП-909 қосалқы станциясынан шығатын 2,1 шақырым 0,4 кВ электр желісі СИП кабельге ауыстырылмақ. Ауылдық округке қарасты 6 елді мекенді (Бадам, Ордабасы, Ақбұлақ, Дербес, Қарабастау, Мамыр) табиғи газбен қамту мақсатында газ құбырларына мемлекеттік акт алынып, сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленуде.
Жылдар бойы ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселеге айналған ауыз су мәселесі де биыл оңды шешімін табуда. Бұл туралы халықпен кездесуде аудан басшысы толығырақ ақпарат берді.
Биыл аудандық «Таза су» мекемесі тарапынан ауыз су жүйесінің құрылыстары жүргізіліп, нәтижесінде Ордабасы елді мекеніндегі Ұзыныбұлақ, Қылыш бұлақ, Баян бұлақ, Таңбалы бұлақ ауылдарына тұщы су құбыры тартылуда.
Мұнан бөлек, Мамыр елді мекенінің Темір жол жағасындағы үйлер мен Санаев көшесіне, Дербес елді мекеніндегі Дайрабай көшесіне, Бадам елді мекеніндегі Теңілбай, Ахметов, Байсейтова, Төлеби көшелеріндегі 360 үйге ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жуық арада пайдалануға берілмек.
«Өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына тиімді шарт-жағдай жасау қежет», деген аудан басшысы ауылда заманауи білім беру мекемелерінің санын арттыру мақсатында қолға алынған оңды жобаларға тоқталды.
Мәселен, 2024-2025 жылдары «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында Ақбұлақ және Бадам ауылдарына 2 мектеп салынса, жуырда ғана С.Мұқанов атындағы 300 оқу орындық мектеп құрылысы аяқталып, Білім күнінде пайдалануға берілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары Қарабастау елді мекенінен фельдшерлік акушерлік пунктін салу жоспарлануда.
Ал, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бадам елді мекенінен спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып, келесі жылы пайдалануға берілмек.
Бадамдықтармен кездесуде осылай деген Азат Әбдіғалиұлы ауылдастарды ауыл орталығын таза ұстауға, ауылды дамытуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысуға шақырды.