Құрметті ардагерлер!
Қадірменді ақсақалдар мен әже-апалар!
Сіздерді 1 қазан – Қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Біздің дана халқымыз қашанда қарияға төрден орын беріп, ақсақалдарымыздың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестерін асыл қазына ретінде бағалап келген. Сондықтан да «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел», «Қарт жүрген жер береке» деп айтады. Қадірімен қартая білген аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызды ардақтау – баршамыздың қасиетті борышымыз болуға тиіс.
Біздің аға буын өкілдері ауызбірлік пен ынтымақты насихаттауда сөзбен ғана емес, өнегелі істерімен де үлгі көрсетіп келеді. Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – жастар тәрбиесі екені ақиқат. Бұл орайда ардагерлер қауымы жоспарлы түрде жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан бері облыстағы бірнеше ауданда жас ұрпақ тәрбиесіне арналған алқалы жиындар ұйымдастырылғаны соның айғағы. Біздің ауданда да ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен «Шардара» мектеп-лицейінде, Алатау батыр ауылында семинар-кеңестер өткізілді. Тәрбиелік мәні зор мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. Себебі, бүгінгідей жаһандану дәуірінде жастарымыздың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсіп, Отаншыл, ұлтжанды болып қалыптасуларына ата-әженің тәлім-тәрбиесі ауадай қажет-ақ.
Қадірлі жерлестер!
Бүгінде баршамыздың алдымызда «Әділетті Жаңа Қазақстан» құру міндеті тұр. Бұл ретте аға буын өкілдеріне артылар жүк те осал емес. Бірінші кезекте елдің береке-бірлігін сақтау, жас ұрпаққа лайықты тәрбие беру мәселелері басты мақсатымыз болуға тиіс. Бір мақсат, бір мүдде жолына елді үндеп, тәуелсіз еліміздің тұғырын нығайтуға қарияларымыз өнегелі ақыл-кеңестерімен атсалысулары керек. Осы орайда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдап жатқан Жолдаулары мен Үндеулеріне шардаралық аға буын өкілдері әрқашан да қолдау көрсетіп келе жатқанын айтып өткім келеді.
Әрбір шаңырақтың ақылгөйі мен қасиетті тұғырына айналып отырған қарияларымыз аман болсын! Қарттарымыз мерекеден мерекеге аман-есен жетіп, арамызда күліп-ойнап жүре берсін!
Тоқсанбай БЕРДІБЕКОВ, Шардара аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.