Мақтаарал ауданында «Ардагерлерді ардақтайық» тақырыбымен жалғызілікті қарттар мен мүгедектерге үйде арнаулы қызмет көрсету бөлімшесінде есепте тұратын қарттарға арналған салтанатты кеш өтті.
Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары А.Ешанқұлова ашып беріп, 1 қазан — Халықаралық қарттар күні мерекесімен қарттарды құттықтады. Сонымен қатар, ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н.Елшібаев және ауданның Ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оңғаров өздерінің қарттарға арналған жүрек жарды құттықтауларын жеткізді.
Мәдениет үйінің өнерпаздары өз әндерімен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ауданымыздағы кәсіпкерлердің демеушілігімен жалғызілікті қарттарға азық-түлік себеттері таратылып, сый-сияпат көрсетілді.
«Осы іс-шараға қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған «Айгүл» дәріханасының меңгерушісі Ш.Нефталиевке, жеке кәсіпкерлер А.Ашироваға, «Исатай Сервис» ЖШС-нің басшысы Б.Усиамбековке, демеушілік жасаған әрбір азамат пен азаматшаларға ерекше ыстық ықыласымызбен алғыс айтамыз» — деді, Н.Елшібаев.
Жалпы аудан бойынша 250 жалғызілікті қарттар мен мүгедектерге 40 әлеуметтік қызметкер арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетуде. Қарттар күні қарсаңында мұқтаж 560 қарттар мен мүгедектерге 1,1 миллион теңге көлемінде көмектер берілді.
Алдағы уақытта осындай қайырымдылық іс-шаралар өз жалғасын табатын болады.