Бүгін Ордабасы ауданының орталығы Темірланда 1 қазан – Қарттар күніне арналған салтанатты мерекелік жиын өтті.
Аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған шарада аудан өнерпаздары ұрпақ тәрбиесіндегі қарттардың рөлі жөнінде әсерлі қойылым ұсынып, өскелең ұрпақты қарттарды құрметтеуге шақырды.
Думанды шарға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков қатысып, ардагерлерді мерейлі мерекесімен құттықтады.
«Құрметті қазыналы қариялар! Ардақты ардагерлер! Баршаңызды «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Біз әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Әркез алдыңғы буын аға-апаларымыздың ел дамуы жолындағы ерен ерлігі мен қажырлы еңбегін үлгі тұтамыз. Өйткені, ғұмыры ғибратқа толы ардақты ардагерлердің жүріп өткен жолы – өнеге мен тағылым мектебі», деді аудан басшысы өз құттықтауында.
Сондай-ақ, мерекелік шара барысында аудан басшылары ақ сақалды аталарымызбен ақ самайлы әжелерімізге мерекелік сыйлық сыйлады.
Аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы мерекеге орай бірқатар азаматтарға, қарттар арасында өткен спорттық сайыс жеңімпаздарына арнайы Алғыс хат, дипломдармен бағалы сыйлықтар табыс етті.
Мерекелік шараның жалғасы аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.