Отты жанарына, ширақ қимылына, екі бетінің нұры тамып тұрған қызыл шырайлы жүзіне барлай қарап отырып, бұл кісіні 83 жаста деп мүлде ойламайсың. Қазақ атам жиі айтатын «сүйегі асыл адам» деген бәлкім осы қағілез ағамыз болар. Ендеше, тұңғиық қиялға беріле бермей бірден сөз тізгінін алдымда отырған кейіпкеріміздің өзіне беріп көрейікші.
-1940 жылы қыркүйек айының бірінші жұлдызы күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, бұрынғы Антоновка, қазіргі Кершетас ауылында дүниеге келіппін,- дейді Әбілдабек Керімқұлов ағамыз сынаптай сырғып өтіп кеткен жастық шағын сағынышпен еске ала отырып.
— Сұм соғыспен тұспа-тұс келген балалық шағым балдай тәтті өтті деп айта алмаймын. Бар ауыртпашылық бастан өтті ғой. Орта мектепті үздік бітіріп шыққан соң, 1959 жылы Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтқа оқуға түстім. Аталмыш оқу орнын 1964 жылы тәмәмдап, 1964-1965 жылдары Жамбыл облысы, Шу ауданы, Комитерн атындағы сегіз жылдық мектебінде физика және математика пәнінің мұғалімі ретінде алғашқы еңбек жолым басталды. 1965-1967 жылдар аралығында елге оралып, Антоновка сегіз жылдық мектебінде мамандығыма сай жұмысымды жалғастырдым. 1967 жылы «Түлкібас ет-сүт» совхозының комсомол ұйымының хатшысы қызметіне бекітілдім. Осы жылдары жастар жетекшісі ретінде совхозда талай игілікті істердің атқарылуына өзімдік үлесімді қоса білдім. 1970 жылы Түлкібас аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып ауыстым. 1975-1976 жылдары Түлкібас аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы, 1976-1983 жылдары «Красная звезда», 1983-1984 жылдары Жамбыл атындағы колхозда партия ұйымының хатшысы қызметін атқардым. Өндірістен қол үзбей жүріп Ванновка гидро мелиоративті техникумға оқуға түсіп, ауыл шаруашылығына қажетті қосымша мамандықты алып шықтым.
1984-1986 жылдары Жамбыл атындағы колхоздың төрағасы, 1987-1999 жылдары жұмысшылар қалашығы – Састөбедегі Макаренко атындағы орта мектепте сызу, еңбек пәндерінің мұғалімі, ал1993- 2008 жылдары аталмыш білім ордасында мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Осылайша, жалпы еңбек өтілім 44 жыл, 8 айға созылып, Құрмет демалысына шықтым. Оның 24 жылын білім саласына, 13 жылын партия, комсомол жұмысына, 3 жылын ауыл шаруашылық саласына, 1 жыл сегіз айын кәсіподақ саласына арнаған екенмін. Әрине, бүгінде бәрі де айтуға оңай ғой. Болмаса бұл бағытқа қанша күш-жігерім,ерік-жігерім жұмсалмады дейсің. Біздің сол жылдардағы алға қойған бар мақсатымыз: туған жерімізді түлету, гүлдендіру, ел тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсарту болды.
«Адал еңбек – шын бақыт» дегендей ұзақ жылғы ел алдындағы ерен еңбегім әділ бағаланды деп нық сеніммен айта аламын. Осы жылдар аралығында әр саладан алған 20- шақты Құрмет грамоталарым, Алғыс хаттарым мен дипломдарым, «Лениннің туғанына 100 жыл», «Еңбек ардагері» медалдарым, БЛКЖО Орталық комитетінің мерекелік төсбелгім және басқа да марапаттарым менің ұзақ жылғы адал еңбегімді айғақтап тұрғандай. Сонымен қатар, Түлкібас аудандық, Келтемашат, Жаскешу, Машат ауылдық Кеңестерінің әр жылдардағы депутаты болғанымды да әрқашан мақтан тұтамын.
Құдайға шүкір, өткен өміріме өкпем жоқ. Ауданымыздың өсіп-өркендеуіне бір кісідей еңбек сіңірдім ғой деген ойдамын. Өмірлік қосағым, мамандығы – акушер- фельдшер Махира Жақсыбековамен тату-тәтті ғұмыр кешіп, екі ұл, үш қызымызды жан-жақты тәрбиелеп өсірдік. Перзенттеріміздің қалаған мамандықтарын алып шығуларына бар жағдайды жасадық. Бүгінде олардан тараған сегіз немеренің қызығын көріп отырған жағдайымыз бар. Міне, менің бар өмір жолдарым осындай. Басқа не айтамын. Мемлекетіміздің болашағы – жастарымыз аман болсын. Бар жақсылық салтанат құрып, еліміздің келешегі жарқын бола берсін,- деп 83 жастағы Әбілдабек Керімқұлов ағамыз әңгімесін көңілді аяқтады.
Содан арамызда біршама үнсіздік орнады. Қарт кейіпкеріміздің ойында не бар екенін білмедім. Ал, мен болсам, бар саналы ғұмырын туған жерінің көркеюі үшін жұмсаған ағамыздың ойлы көзқарасына, мейірім ұялаған қызыл шырайлы жүзіне ризашылық сезіммен қарай бердім…
О.КӨМЕКОВ