Сарыағаш ауданы, Ақжар ауылының тұрғыны мемлекеттік грант аясында жеке кәсіпкер атанды. Ақжарлық көпбалалы әке, бүгінде 9 үйдің сыртын әрлеп, өз кәсібін дөңгелетуде. Ол мемлекеттік грант қаражатына қажетті құрал-жабдықтарын түгелдей алып, қазіргі таңда термопанель өндіруді қарқынды қолға алған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілген қаражаттың мақсатты жұмсалып, кәсіпкерлер қатарының артуы бірінші кезекте елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, әлеуметтің әлеуетін арттыруда тиімді тәсіл болмақ. Айта кетейік, Түркістан облысында мемлекет қарастырған көмекке жүгінген азаматтар қатары жетерлік.
Сонымен бірге бүгін жас кәсіпкердің жұмысымен аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып танысып, жеке кәсіпкерлер санының артуы, бұл саланың қарқынды дамып келе жатқандығының айғағы екендігін айтты. Осылайша, жеке кәсіп иесіне сәттілік тіледі. Сондай-ақ ауданда жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беру арқылы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаға құжаттар тапсыру мен қабылдау жұмыстары жүргізілуде.