Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды халықпен кездесуден соң, Төлеби ауданындағы ауыл-аймақты аралап, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Көксәйек елді мекенінің тұрғындарымен жүздескен аймақ басшысы, көтерген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Облыс әкімі ауылдарды дамытуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға көп көңіл бөліп отыр.
Түркістан көпсалалы — техникалық колледжінің аумағында өткен кездесуде тұрғындар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Инфрақұрылым, баспана, жер, жұмыс орындары және кәсіпкерлерге көмек туралы айтылды. Облыс әкімі таулы аймақта туризмді дамытуға күш салып, осы бағыттағы жұмыстарды қолға алу керектігін айтты.
— Жүзеге асып жатқан жұмыстардың барлығы тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға, ауылдарымыздың әлеуетін көтеруге бағытталған. Бұл сапарымыздың мақсаты да осы. Ел-елді аралап, сіздердің жағдайларыңызды өз көзімізбен көру. Көріп қана қоймай, кемшілік пен жетіспеушіліктің салдарын қарау, барынша айтылған мәселелер бойынша жұмыс жүргіземіз. Төлеби жері табиғатымен таңғалдыратын, қысы да, жазы да туризм саласын дамытуға сұранып тұрған аймақ екені белгілі. Өзіндік даму жолы бар облыстағы аудандардың бірі. Сондықтан ең бастысы — тазалық. Ол өзімізге байланысты. Саяхатшылар келгенде тамсанып, таң қалып кететіндей жағдай жасау қажет. Демалыс аймақтарына барар жолда дүкендер ашып қоюға болады. Ол кәсіпті мына өздеріңіз-ақ қолға алсаңыздар жақсы,– деді облыс әкімі тұрғындармен кездесуінде.
Төлеби ауданына сапарында облыс әкімі бірқатар кәсіпорындарды аралап көрді. «САҚ» демалыс аймағында балық шаруашылығымен танысып, осы саланы дамытудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан елді мекеніндегі демалыс аймағында сыйымдылығы 500м3 үш тоған орналасқан. Тоғандарда 20 мыңнан астам карп, шабақ, форель өсірілуде. Жеке кәсіпкер жылына 30-40 тонна өнімді өткізіп отыр. Аймаққа келіп дем алушылар өздері балық аулап, одан ас дайындауына мүмкіндіктер қарастырылған.
Сондай-ақ KAZPLAST” ЖШС-ның тігін цехында болды. Ленгір қаласындағы цехта жылына 150 мың дана жаздық және 90 мың дана қыстық арнайы жұмыс киімдерін шығарады. Қазіргі таңда 200 жұмысшысы бар. 2024 жылы кәсіпорынды толық іске қосу жоспарлануда. Бұл мақсатта мемлекеттен көмек алу жолдары қарастырылуы мүмкін.
Өңір басшысы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша мемлекеттік грант алған азаматтардың жасаған заттарының көрмесімен танысты. Кәсіпкерлермен ерекше жобаларды ұлғайту туралы сөйлесті.