Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданындағы ауылдардың өзекті мәселелерін тұрғындармен, ақсақалдармен ақылдасып, бірлесе шешу үшін ауылдарды аралап жүр.
Облыс әкімі аудан тұрғындарымен кездесуінен соң аудан орталығын жаяу аралап, халықпен кездесті. Халықты толғандырған мәселелерді заң аясында шешу жолдарын түсіндіріп, атқарылған жұмыстарды ел таразысына салды. Темірлан, Бадам, Шұбарсу ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, талап-тілектерін тыңдады.
«Ана мен бала» аллеясын аралап, бір топ ананың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ақ жаулықты аналар қазіргі таңда қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларға қатысты жастар тәрбиесі мәселесін қозғады. Ұрпақ тәрбиесін қолға алу, ұлттық құндылықтарды насихаттауды күшейту туралы айтты. Оқушылардың жазғы демалысын таудағы лагерьлерде өткізуіне мүмкіндіктің молайғанына алғыстарын айтып, аудандағы ескі лагерьді қайта жандандыруды ұсынды. Дархан Сатыбалды кәсіпкерлерге ұсыныс айтып, мәселені қарастыруды құптады. Өңірдегі орын алып жатқан жақсы бастамаларға алғыс айтқан аналарды облыс әкімі өтініш айтып, тоқтатты.
— Мені мақтамаңыздар, өтініш. Біз қызметтеміз. Бұл менің жұмысым, міндетім. Бәріміз ел игілігі, халық мүддесі үшін адал еңбек етуіміз керек. Сіздер менің анамсыздар. Сіздердің балаларыңыз — менің балаларым. Осыны біле жүріңіздер. Халықтың әл-ауқатын дамытуда әрбір азаматтың пікірі маңызды. Елімізді дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру — қашанда маңызды міндет,-деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Өңір басшысы бірнеше ауылда брлып, елді мекендердегі қордаланған түйіткілді мәселелерге қанық болды. Тұрғындардың ағын су, жер, мал шаруашылығы, ауыз су, білім саласы және басқа да әлеуметтік тақырыптар бойынша көтерген мәселелерге толыққанды жауап беріп, шешуге тиісті әр істі жеке қадағалауына алатындығын жеткізді. Жауаптыларға тиісті тапсырмалар беріп, әр тұрғынның мәселесін оңтайлы шешу керектігін айтты. Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.