Сарыағаш ауданындағы есептік кездесуден кейін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауылдарды аралап, халықпен жүздесуін жалғастырды. Тұрғындарды толғандыратын түйткілді мәселелерді тыңдады. Оларды шешу жолдарын талқылап, заң аясында жүзеге асыру тетіктерін қарастырды.
Ақжар ауылдық округі Бағыс ауылындағы №23 Ғ.Мұратбаев атындағы 300 орындық жалпы орта мектеп құрылысы аяқталды. Тұрғындардың қуанышымен бөліскен облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға бағыстықтар ауылдағы ескі мектептен балабақша ашуды ұсынды. Әкім келісті. Жаңа жұмыс орындарының ашылатынын құптады.
Бағысқа табиғи газ құбырлары толық тартылды. Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылды. Тұрғындар тарапынан ауыз су мәселесі көтерілді. Әкім ауылды инфрақұрылыммен толық қамтудың кезең-кезеңмен жүзеге асатынын айтты. Әр аймақ бойынша бірінші кезекте өткір деген мәселелерді шешу бойынша жұмыстар жүргізілетіндігін атап өтті.
– Ауыл – қашан да қазақтың алтын бесігі, ұлтымыздың тозбас темірқазығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамытуды назардан тыс қалдырған емес. Осы бағытта жұмыстарға күш салу – біздің де басты міндетіміз. Біздің облыс халқының басым бөлігі ауылдарда тұрады. Сондықтан кешенді дамыту шаралары тынымсыз жүргізіледі. Біз үшін сіздердің әрбір ұсыныс-тілек, талаптарыңыз маңызды, – деді облыс әкімі.
Дархан Сатыбалды халықпен кездесуін Жібек жолы және Дербісек елді мекендерінде жалғастырды.
Ауылды дамытып, халық табысын арттыруға бағытталған жаңа мүмкіндіктің бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Түркістан облысының әкімі жаңа жоба арқылы 5 млн несие алып, үйінің ауласына құлпынай еккен Достық елді мекенінің тұрғыны Амантай Махамаджановпен кездесті.
«Ауыл аманаты» жобасымен несие алған Сарыағаш ауданының тұрғыны қаржыны 2 жылда қайтаруға бел буып отыр. Бұдан бөлек, табыс тауып, егістік алқапты он есе ұлғайтуға болатынын айтады. Ол тамшылатып суғару әдісін пайдалана отырып, жылына 4500 тонна өнім жинамақ. «Ауыл аманаты» арқылы арманы орындалғанын айтқан шаруа алда кәсібін ұлғайтып, табысын арттыруды көздейді.
Өңір басшысы Дархан Сатыбалды ең маңызды мәселе ауылдарды дамыту мен халыққа жұмыс беру екенін айтты. Оның жолы – өзіндік табысты арттыру, зауыт-фабрикалар, өнеркәсіп орындарын ашу.
Облыс әкімі Сарыағаш ауданына жұмыс сапары аясында жерлестерін тұрақты жұмыспен қамтып отырған жас кәсіпкердің бастамасына оң бағасын берді. «Вah_Asmar» ЖШС-нің өнімдері Сарыағаш ауданының брендіне айналған. Кәсіпорында тәулігіне 5 мың электрондық шәйнек пен тұрмыстық заттар шығарылады. Небәрі 1 жыл бұрын өз ісін бастаған жергілікті кәсіпкер бүгінде 70 адамды жұмыспен қамтып отыр.