Ел мұраты, ел амандығы жолында аянбай еңбек етіп, тынбай ізденіп, белсене жұмыс істеп жүрген азаматтар қай өңірді алып қарасаңызда жеткілікті. Кең байтақ еліміздің қай жерінде де ел мен жердің амандығы үшін тер төккен сондай тау тұлғалардың ерен еңбегі мен ақ тілеуінің арқасында Отанымыз бейбіт һәм бақуатты деп білеміз. Иә, Қазақстан атты құлашы кең отанымыздың Түлкібастай тамаша әрі ажарлы өлкесі жерлес жақындарымыздың жүрегіндегі үлкен құрметке, ерекше махаббатқа лайықтысы деп түсінеміз. Міне, сондай өлкеміздің дамуы мен гүлденуі жолында бар саналы ғұмырын арнап, жастық қажыр-қайратын жұмсап, білімі мен тәжірибесін қолданып келе жатқан Ахметов Қайрат Хамытбекұлы деп танимыз.
Патриотизм — кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Осыған орай қасиетті Түлкібас өңірінде туып -өскен Ахметов Қайрат Хамытбекұлы жайлы айтып өтсек. Ол аудан орталығы 24 мың 642 тұрғыны бар Майлыкент ауылдық округін көркейту, дамыту, абаттандыру мақсатында ауыл әкімі болып қызмет атқарып, елмен етене еңбек етіп келеді. Әкім болу — жауапты іс. Өйткені, ауылдың бар тынысы мен тіршілігі әкімен байланысты болып жатады. Сондықтан Қайрат Хамытбекұлы үнемі халық арасында жиі болып, ауылдағы әрбір істі ауыл халқымен ақылдасып, пікірлесіп жүзеге асыруды дәстүрге айналдырған.
1963 жылдың 20 маусымында Түлкібас ауданы, Т.Рысқұлов ауылында өмірге келген ағамыз бала күнінен білім мен ілімге құштар болып, маңдай тер, адал еңбектің қадірін біліп өскенін жасырмайды. Ол хат танып, орта білімін жетілдірген бойда Моңғолиядағы Заболкольский әскери бөлімінде сержант дәрежесіндегі борышын аман-есен өткеріп, туған жеріне қайта оралады. Күші тасып, қажыр-қайраты бойынан тарқамаған ағамыз 1984 жылдан бастап «Түлкібас АТЭП- 32021» АҚ- слесарь болып жұмыс бастап, 1985 жылы дәл осы мекемеде АҚ- контролер-механик болып қызмет ауыстырып еңбек етеді. Дәл осы жауапты қызметті 1997 жылдың наурыз айына дейін атқарады. Кейін «Қамытбек» ШҚ төрағасы болып қызмет ауыстырады. 2003 жылдан бастап Облыстық ССО штабы ЖШС-нің директорының орынбасары, 2010 жылдан «Қай Нұр құрылыс» ЖШС директор, 2019 жылдан Түлкібас аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы болып жауапты әрі маңызды қызмет жолынан абыроймен өтеді. Бір емес бірнеше мандаты биік шаруаларды келісті жүргізіп, халықтың бабын тауып, қалауына құлақ түрген Қайрат Хамытбекұлы үлкен сенімділік алып, жерлестерінің алғысына кенеледі. Сөйтіп 2021 жылдан бері Майлыкент ауылдық округінің әкімі болып сайланып, халықтың игі тіршілігі үшін жауапты әрі маңызды қызметке тағайындалады. Сол жылдан бері аудан орталығы жанданып, күн арта ажары кіріп, әдемілене түскенін ешкім жоққа шығара алмасы анық. Көше-көшеде жарықшамдар тізіле жанып, аулалар тазаланып, гүлзарлар аудан көркін аша түскендей. Жауапкершілігі жоғары, міндеті мен қызметі бөлек жұмысқа білек сыбана кірісіп, туған жерінің жандануы жолында барын салып еңбек етті. Осындай тамаша тындырымды жұмысын елі мен туған өлкесіне деген перзенттік махабаты себеп деп түсінген қарапайым халықтың Қайрат Хамытбекұлына алғыстан басқа айтарлары жоқтай.
Тындырымды да нәтижелі жұмыстарын тек жерлестері ғана емес тиісті басшылық та елеп ескеріп түрлі Алғыс хаттар жолдап, мерейін асырып, абыройын биіктетті. Түлкібас ауданының әкімі Ә.Тұрғымбековтың, Облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Н.М.Жолдашевтың, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, «Қазақстан мәслихаттарына – 25 жыл» мерекелік медалі табысталды.
Мемлекет басшысының дәстүрлі халыққа Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламалары аясында соңғы жылдары ел иігілігі жолында округте бірқатар жұмыстар атқарылды. Еліміздің ертеңі жас ұрпаққа сапалы мен саналы тәрбие беру жолында округке қарасты Т.Рысқұлов ауылында жаңа заман талабына сай білім ошағы бой көтерді. Сонымен қатар бірқаттар көшелер асфальттанып, орталық көшелері жарықтандырылды.Ұлысымның ұйытқысы Оңтүстік өңірінде қолға алынған «Туған жерді түлету-перзенттік парыз» атты айтулы акция ұйымдастырылып, өңірдің өркендеуі, көркеюуі жолында жан-жақты жұмыстар атқарылды. Мемлекетке қол жайып қарамай ауыл халқының және ауылдан түлеп ұшқан азаматтардың басын қосып, ауылға инвестиция тарту ісін қолға алып, бел байладық. Ауылдың табиғи және климаттық жағдайына орай кәсіпкер азаматтарды кәсіпорындар салу, көшелерді абаттандыру, киелі орындарды көгалдандыруға шақырып, бірқатар жұмыстар атқарылды.Атап айтар болсақ, ауыл халқын имандылыққа шақыру мақсатында ауыл азаматының демеушілігімен орталық мешіт жанынан салынған ғимарат жөнделіп, бүгінде ауыл халқы құлшыныс жасауда. Сонымен қатар, туризм саласын дамыту мақсатында Қарағаш ауылында демалыс кешені салынып, пайдалануға берілді. Оған ауыл тұрғындары мен облыс тұрғындары демалып, денсаулықтарын түзеуде.
«Ауылыңа қарап азаматын таны» дегендей мектеп бітіруші түлектері тұрмысы төмен отбасына баспана сыйлады. Сонымен қатар «Қараағашты» деп жазылған қақпа орнатып, ел игілігі жолына тамаша іс жасады. Әрине, осындай жұмыстардың барлығы жыл басынан бері округтегі қоғамдық бірлестіктерімен жоспарланған жұмыстардың барысы.
Округте ардагерлер кеңесі, билер алқасы, әйелдер комитеті тұрақты жұмыс істейді. Қариялардың жағдайы үнемі бақыланып, жыл сайын 25-30 зейнеткер шипажайларда демалып тұрады. Халықтың өтініштері дер кезінде ауыл әкімшілігі, ардагерлер кеңесімен қоғамдық кеңестерде қаралып тұрады.
Әлеуметтік мәселелер оң шешімін тапқан округте алдағы уақытта тұрғын үйге арналған жерлер үлестіріп, жаңа мөлтек аудандар салуды көзделуде. Сонымен қаттар, оругке қарасты мәдениет үйлерінде қосымша штаттар ашу арқылы түрлі үйірмелер ашуды жоспарлануда.
Халқымызда «Дені саудың — жаны сау» дейді. Осы мақсатта ауылға қарасты көше бойларына сәнді ағаштар егілді, балалар алаңшалары салынды.Әрбір істі атқару үлкен жауапкершілік. Алда атқарылатын жұмыстар да жетерлік.Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастаған бастамалары мен көздеген мақсаттарға жету үшін алақандай ауылды көркейту мақсатында бар күш-жігерін жұмсап, биік белестерді, асуларды бағындыратынына кәміл сенеміз.
Кейіпкеріміз Нұрбала Зейтханқызымен шаңырақ көтеріп, үлгілі отбасылар қатарын көбейтті. Бір ұлы мен екі қызына тағылымы мол тәрбие беріп, білім алып, болашаққа құлаш сермеулері жолында бар мүмкіндікті жасады. Осындай асқар тау әке, аяулы жар, орыны бөлек пайымы зор перзент болған, бір басында тектілікті, ірілік пен іскерлікті асқақтатар сан қасиеттер тоғысқан, сонысымен де елінің абыройлы бір азаматы болып есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып жүрген ардақты ағамыз Қайрат Хамытбекұлы алпысты алқымдап, мерейлі датаға да келіп жетті. Қайрат Хамытбекұлын мерейтойымен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз. Өмір жолында еңбексүйгіштік, қоғамдық белсенділікпен ерекшеленіп, нағыз азаматтық қасиеттерге ие ірі тұлға ретінде қазақ халқының игілігіне бөленіп, қызметтің ең қызықты да қиын салаларын атқарып отырған еңбек жолыңызға табыс тілейміз.
А.МӘМЕТ.