Бүгін Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Аққолтық елді мекенінің тұрғыны Шойтанова Сәндікүл апаның шаңырағында болды. Сан қилы белестерді артқа тастап, мерейлі 100 жасқа толған ақ самайлы әжейді төл мерекесімен құттықтап, сый-сияпат табыс етті. Аудан басшысы апамыздың жағдайын жиі сұрап тұратынын айтып, бұған дейін де бірнеше мәрте келгенін тілге тиек етті.
-“Қарты бар елдің-қазынасы бар”-деген. Қартымызды әр қашан құрмет тұтсақ, ел болып қарыштап дами түсетініміз сөзсіз. Аяулы анаға, ардақты әжелерге деген құрметімізді ешқашан тоқтатпауымыз керек. Бұған дейін бірнеше мәрте келген болатынмын. Бүгін міне 100 жылдық қызықшылығыңызда бас қосып отырмыз. Ардақты аналарға күн сайын құрмет көрсетсек те көптік етпесі анық. Сіз біз үшін бұрыннан да жақын, бұрынғыдан да қымбат сезінесіз,-деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев ғасыр жасаған әжемізге деген ыстық ықыласын білдіріп, құттықтауын жеткізді.
Қазақ радиосының ардагері, танымал журналист, Созақ ауданының Құрметті азаматы Ғалым Есенсариев әжеміз жайында тағылымы терең әңгімелер айтып, ауданымыздың кешенді дамуы жолында бірқатар ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Ұл-қыздары мен немерелері ізгі тілектерін арнап, көрсетілген құрметке алғыстарын жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған Сәндікүл әже — Біз көрген бейнетті ұрпағымыз көрмесін. Еліміз өсіп, өркендей берсін. Тек жер бетінде тыныштық заман болып, бейбіт күнніміз баянды болсын,- деп ақ батасын арнады.