Бүгін Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Қожатоғай округінде болып, ауыл азаматтарымен келелі кездесу өткізді. Басқосудың басты тақырыбы – тұрғындар табысын арттыруға бағытталған «Ауыл — аманаты» жобасы болды.
«Жылдың басында кәсіп бастау үшін жеңілдетілген процентпен берілетін «Ауыл – аманаты» бағдарламасы екі ауылға ғана берілетін болған еді. Біз тұрғындар өтінішімен, облысқа ұсыныспен шығу арқылы аталған бағдарламаға қаламызға қарасты тағы 3 ауылды қостық. Мен қожатоғайлық ағайыннан мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдаланып, ауылды өркендетуге шақырамын,» — деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.
Аталған жоба аясында қаламызға қарасты бес ауыл округ тұрғындары 2,5 процентпен жеке кәсіпкерлерге 8,6 млн теңгеге дейін, ал кооперативтерді дамытуға 27,6 млн теңгеге дейін несие ала алады. Жобаның тағы бір артықшылығы – несие рәсімделгеннен кейін, алғашқы төлемді тек бір жыл өткен соң барып жасайды. Төлемді ай сайын немесе әр тоқсан сайын, болмаса 6 ай , 12 ай сайын өз таңдауына сай жасауға болады.
«Менің тапсырмам бойынша құжат рәсімдеуде кедергілерді жою үшін арнайы жұмысшы топ құрылған. Қандай да бір сұрақтарыңыз болса мамандар барынша тез уақытта шешіп, несие рәсімдеуде толық сүйемелдейтін болады», деді Гүлжан Мамытқызы.
Жиын барысында, тұрғындар тарапынан жобаға қатысты сұрақтар қойылып, оларға жеке-жеке жауаптар берілді.
Аталған жобаның мақсаты — ауылдық елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінгі таңда комиссия шешімімен, Арыс қаласы бойынша аталған жоба аясында жалпы құны – 300,5 млн.теңгені құрайтын 62 тұрғынның жобасы мақұлданған.