Мемлекеттік қолдаулар халықтың табысын арттыру мақсатында жүзеге асырылуда.
Орта және шағын бизнесті дамыту – өңірдегі жұмыссыздықты жоюда, нарықты халыққа қажетті тауарлармен толтыруда, өңірлердің экономикасын тұрақтандыруда шешуші фактор. Сондықтан да еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне жан-жақты жағдай жасалып, Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы тарапынан да айрықша назар аударылып отыр. Осы тұрғыда қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жан-жақты қолдаулар жеке кәсіппен шұғылданамын, кәсібімді кеңейтемін деушілерге мол мүмкіндіктерді қарастырған.
Бүгінде балды бизнеске айналдырып, ерекше шаруашылықты өзіне кәсіп еткен Жетісай ауданы, Қазыбек би ауылдық округінің тұрғыны Нұрболат Алмахан бүгінде мемлекеттің қамқорлығын сезініп, табысын арттырып отырған кәсіпкерлердің бірі.
Бала кезінде көзіне зақым тиіп, ІІІ топ мүгедектігімен зейнетке шыққан Нұрболат өткен жылы кәсіпкерлерді қолдау бойынша мемлекет тарапынан берілетін 1 млн 200 мың теңге қайтарымсыз грант қаржысын жеңіп алып, өз кәсібін бастаған. Осыған дейін талай істің басын шалған омарташы енді ғана табыс көзін тапқандай.
Ерекше күтімді қажет ететін осынау бір тіршілік иелерінің өзгертуге келмейтін ішкі ережелері мен қағидаларының барын айтқан омарташы аралар үшін тазалықтың сақталуының маңыздылығына да тоқталды.
«Аралар үлкен отбасы болып тіршілік етеді. Омартада аналық, аталық, жұмысшы, күзетші аралар қалыптасқан белгілі заңдар мен ережелерге бағынады. Әрбір ара өзінің міндеттерін мүлтіксіз орындайды. Гүлдерден бал жинамаған араны күзетшілер омартаға кіргізбей қоятын қасиетке де ие. Аралар тазалықты сүйеді. Сондықтан, ара ұстасаңыз, омартаның мұнтаздай таза болуына аса мән беру керек. Үнемі ыждағаттап тазалап, мұқият қадағалағанда ғана сапалы бал жинап алуға болады», дейді Нұрболат Алмахан.
Технологиялық үдеріс пен сұраныстың артуына байланысты қазіргі таңда ара балының формацевтика саласы мен халықтық ем-домда да жиі қолданылып, суық тию, жүрек, бауыр, өкпе, бүйрек, асқазан, ішек, жүйке ауруы, қан қысымының көтерілуінің де алдын алуға пайдаланылады.
Жалпы аудан бойынша 200-ге жуық бал ара өсіруші бар. 1 кг бал базарда 2,5-3 мың теңге. Бал өсірушілер Жетісай ауданымен қатар Шардара ауданының да аумағына барып, әсел жинайды. Жылына бір ұяшықтан 60 келіге дейін бал алады.
Бұл кәсіп атақты ойшыл Алберт Эйнштейннің «Егер жер бетінен ара жойылып кетсе, төрт жылдан кейін адамзат та болмайды» тұжырымын тағы да бір нақтылай түскендей.