Жұмыс — күнкөрістің, жан бағудың, отбасын асыраудың қайнар көзі. Үкімет тарапынан бұл бағытта бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданған. Мұндай жағдайда азаматтардың жергілікті жерлердегі жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуіне әбден болады. Мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін тиімді пайдалана білгендер ұтады. Ал, есебін тауып, кәсіп ашқандар бір теңгені екі теңге етудің мүмкіндіктерін қарастыруда. Әрине, әрекет еткендер береке табады. Арасында пайдаға кенеліп жатқандар да аз емес.
37 мыңнан астам жұмыс орны ашылды
Еңбек қатынастарын үйлестіру, халықтың жұмыспен қамтылуына ықпал жасаудың арқасында 2022 жылдың қорытындысы бойынша статистикалық мәліметтерге сәйкес Түркістан облысының жұмыс күші 835,2 мың адамды құрады. Барлығы 792,1 мың адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 427,4 мыңы жалдамалы жұмысшы және 364,7 мыңы өздігінше жұмыспен қамтылғандар.
2023 жылы Ұлттық жобалар негізінде бекітілген «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 109 617 жұмыс орнын ашу (72 358 – тұрақты, 37 358 – уақытша) жоспарланған. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» тапсырмасы аясында жеке бастамалар есебінен 22 595 жұмыс орнын ашу көзделуде.
Сондай-ақ, «Ауыл — ел аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласында 2200 адамға шағын несие берілмек.
2023 жылдың 1 сәуіріне дейін 37316 жаңа жұмыс орны ашылды, оның 14602-сі тұрақты,
22714-і уақытша. Атап айтқанда, «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде 31062 орын, «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» жобасы аясында – 104, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасымен – 330, Цифрландыру, ғылым және инновацияның арқасында технологиялық серпіліс ұлттық жобасы бойынша
6 жаңа тұрақты жұмыс орны, жеке бастамалар есебінен 5814 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Ұлттық жобаның ұтымды тұстары
Биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасын» жүзеге асыруға 33762,3 млн. теңге қаралып, 84,0 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. 1 сәуірге дейін нақты 42589 мың адам жұмысқа жолданып, жоспар 50,7% орындалды. Қаралған қаржының 3985 млн. теңгесі немесе 11,8%-ы игерілді.
Ұлттық жобаның бірінші бағыты шеңберінде (Кәсіпкерлердің қажеттілігіне қарай дағдыларды дамыту) жалпы жергілікті бюджет есебінен 684 адамды кәсіптік оқытуға жолдау жоспарланды. Бүгінгі таңға кәсіптік оқытуға жергілікті бюджеттен 148,5 млн. теңге қаралды.
Сонымен қатар, enbek.kz платформасында сұранысқа ие дағдыларды қолдану бойынша
3451 жұмыссызды онлайн оқыту жоспарланып, бірінші тоқсанда 762 адам оқуға жолданып, 657-сі сертификат алды. Бос және жаңа жұмыс орындарына 44729 адамды жолдау көзделсе, өткен үш айда олардың 8431-і немесе 18,8%-ы жұмысқа орналасты.
Ұлттық жобаның екінші бағыты (Жұмыс орындарын субсидиялауды ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлікті қолдау) бойынша 2023 жылы жалпы 32893 адамды жұмысқа жолдау көзделген. 22376 адам немесе 68,0%-ы жіберілді. Оның ішінде:
– 4700 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына жолдау жоспарланып, 1628,5 млн. теңге бөлінді, оған нақты 4560 адам (97,0%) қатысты;
– білім беру ұйымдарын бітірген 12332 жас түлекті жастар практикасына жолдау жоспарланып, нақты 1797 адам (14,6%) жолданды;
– қоғамдық жұмыс орындарына 14280 адам жолданды;
– «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 1150 жасты жолдау жоспарланып, 1428,3 млн. теңге қаралды. Нақты 491 адам (42,7%) қатысты;
– зейнеталды жасқа дейінгі
1656 азаматты «Күміс жас» жобасына жолдау жоспарланып, оған 1062,6 млн. теңге қаралды. Нақты 1248 адам (75,4%) қатысты.
Ұлттық жобаның үшінші бағыты (Өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасау) аясында 2023 жылы жаңа бизнес идеяларын дамыту үшін 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 1688 адамға 2329,4 млн. теңгеге грант беру көзделген-ді. Өткен үш айда 255 адамға комиссия шешіміне сәйкес грант берілді.
Сондай-ақ, «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға 10765 адам жолданды.
Статистикалық мәліметке сәйкес, 2022 жылдың қорытындысымен:
– жұмыссыздық деңгейі – 5,2%;
– жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 3,9%;
– әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 6,1%-ды құрады.
Қандастар көші көлікті болғай!
2022 жылдың қорытындысы бойынша облысқа 1104 отбасы, 1567 этникалық қазақ қоныс аударып, оларға қандас мәртебесі (Өзбекстаннан – 1382 адам, Ауғанстаннан – 26, Тәжікстаннан – 35, Ресейден – 11, Қазақстанда туып, көшіп, қайта оралған – 104, басқа мемлекеттерден – 9 адам) берілді. Жалпы қандастардың
1002-сі (63,9%) еңбекке жарамды. Оның 31-і – жалдамалы жұмысшы, 824-і – өзін-өзі жұмыспен қамтыған, 51-і – жұмыссыз немесе жұмыс іздеуші, қалғандары – 96 адам. Биылғы 1 сәуірге дейін 232 отбасы, 310 этникалық қазақ қоныс аударып, толығымен қандас мәртебесін алды.
Солтүстікте – Оңтүстік тұрғындары
2023 жылға республика бойынша 6727 квота белгіленіп,
1 наурызға квота негізінде Түркістан облысынан 34 отбасы,
79 адам еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аударды. Республика бойынша облысымыздың үлесі – 1,17%.
Оның ішінде:
– Павлодар облысына – 15 отбасы, 28 адам немесе 0,42%;
– Солтүстік Қазақстан облысына – 17 отбасы, 41 адам немесе 0,61%;
– Абай облысына – 1 отбасы, 2 адам немесе 0,02 %;
– Ұлытау облысына – 1 отбасы, 8 адам немесе 0,12% қоныс аударған.
Аз қамтылғандарға атаулы әлеуметтік көмек
2023 жылы 228,4 мың адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге бюджеттен 15 млрд. теңге бөлінді, 48,2 мың баланы қосымша әлеуметтік төлеммен қамтамасыз ету жоспарлануда. 1 сәуірдегі жағдай бойынша 21,5 мың отбасы (125,6 мың адам) 3967,3 млн. теңгеге атаулы әлеуметтік көмек алды, оның ішінде 21,9 мың адам жұмыспен қамтылды. Аз қамтылған отбасылардың 1-6 жастағы 37,2 мың баласына 563,2 млн. теңгеге қосымша әлеуметтік төлем тағайындалды.
Облыстық «Қамқорлық» бағдарламасын іске асыру одан әрі жалғасуда. Өмірлік қиын жағдайға тап болған 439 отбасыға
26,5 млн. теңгеге демеушілік қолдау көрсетілді. Тұрғын үй көмегі үшін 999 отбасыға 35,8 млн. теңге тағайындалды. Нәтижесінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындардың үлесі 8,5%-ды (2022 жылдың 4-тоқсаны), жұмыспен қамту шараларына тартылған атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың үлес салмағы 64,2%-ды құрады.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау
Бүгінде Қазақстанда 707,9 мың мүгедектігі бар азамат (халықтың 4%-ы) тіркелсе, Түркістан облысында 96,5 мың мүгедектігі бар азамат есепте (облыс халқының 4,6%-ы) тұр, бұл республикадағы мүгедектердің
14%-ын құрайды.
2023 жылы облыста мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен
8,5 млрд. теңге бөлінген. Нәтижесінде 1 сәуірге дейінгі қаралған қаржылар есебінен 18506 техникалық оңалту құралы мен қызмет ұсынылды немесе қажеттіліктің 58,6 пайызы қамтылды.
Бүгінгі таңда порталдағы тізілімде 135 өнім беруші бар, оның ішінде 16 ымдау тілі маманы (163 ымдау тілі маманы), 19 жеке көмекшінің қызметін көрсету
(5235 жеке көмекші), 48 оңалту техникалық құралы және 52 ұйым санаторий-курорттық емдеу қызметін қамтамасыз етуге арналған. Сонымен қатар, 31 ымдау тілі маманы және 460 жеке көмекші порталда жеке тұлға ретінде тіркелген.
2023 жылы «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының 84-85-тармақтарын орындау жөніндегі жол картасына сәйкес ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылымның облыс бойынша 776 нысанды бейімдеу бойынша жұмыстар жүргізу (2021 – 2025 жж. 1294 нысан) жоспарланды.
Әсия ТЕМІРБАЕВА, облыстық жұмыспен
қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар
басқармасының басшысы.