Еңбек жасындағы кезеңінде ерінбей еңбек еткен аға буын өкілдері «зейнетке шықтық, жасымыз келді, қартайдық» деп жантайып жастық құшақтап жатқан жоқ, әлі де белсенді әрекет үстінде. Ауданымыздағы әрбір мекеме мен кәсіпорында, елді мекендер мен ауылдарда, мектеп пен қоғамдық орындарда ардагерлер ұйымы өз жұмысын ұтымды жалғастырып келеді. Міне, осылайша ардагерлеріміздің тәлімі – рухани жаңғыруымыздың қайнар көзі екенін тағы да дәлелдей түстік.
Апта барысында Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Шардара мектеп-лицейінде «Бастауыш ардагерлер ұйымдары – игі істер бастауы» атты аудандық семинары өтті.
Шардара қаласына қарасты Ақбала шағын ауданы ардагерлері бастауыш ұйымы жұмысын насихаттау, дәріптеу мақсатында өткен семинарға Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбдішүкір Әбдімәлікұлы Сапарбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков бастаған ардагерлер қауымы мен мекеме басшылары қатысты.
Қонақтар әуелі Ақбала шағын ауданы ардагерлері бастауыш ұйымының жұмысымен танысудан бастады. Сонан соң Шардара мектеп-лицейі дайындаған көрмеге ат басын бұрды. Мектеп директоры Жанат Сапаров пен өзі басшылық жасайтын білім ордасының ұжымы да қонақтарды жылы қарсы алып, мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаларын тамашалатты.
Семинардың алғашқы бөлімі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібековтың қонақтарды таныстырып, 1 жылда атқарылған жұмыстарды баяндап, мәлімет беруімен басталды. Мұнан соң Ақбала шағын ауданы ардагері бастауыш ұйымы төрағасы Мұсахан Мархабаев өз жұмысын насихаттау бағытында кең көлемде баяндама жасап, ардегерлердің жасап жатқан игі істеріне ризашылығын білдірді. Сонымен қатар семинар барысында Қызылқұм, Достық ауылдық округтері ардагерлері бастауыш ұйымдары төрағалары Жұмабай Есімов пен Жора Амановтар да сөз сөйлеп, өздерінің ауылдарындағы тың тәжірибелерімен бөлісті. Аудандық ауруханының бас дәрігері Мұхитдин Сейітханов ардагерлердің өмір сүру сапасын арттыру, салауатты өмірін ұзарту, олардың әлеуметтік-психологиялық әл-ауқатын жақсарту мен қоғам өмірінің әртүрлі саласында қатысу мүмкіндігіне тоқталды.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Жоламан Тұрлыбеков ардагерлерді демалыс орындары, санаторийлерге мемлекет қаржысы есебінен демалысқа жіберу жөніндегі жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкері Әйгерім Бердалиева жастар мен еңбек ардагерлерінің тұрақты байланысы, алдағы уақыттағы жоспарлаған шаралары туралы көпшілікке құлақдар етті.
Аудандық деңгейдегі маңызды шараға қатысып, ардагерлеріміздің игі ісін бағалап, арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев: «Жасы үлкенді сыйлау, қадірлеу, құрмет көрсету – ұлтымыздың қанына сіңген қасиет. Елімізді дамытуда, ауданымызды көркейтуде, жастарды тәрбиелеуде осындағы ел ағаларының, апа-әжелеріміздің қосқан үлесі мол. Ауданымызды өркендетіп, тарихи және рухани орталыққа айналдыру барысында сіздердің ақыл-кеңестеріңіз бен салмақтарыңыз, орындарыңыз аса қажет. Біз сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз, пікірлеріңізді құрметтейміз, кеңестеріңізді тыңдаймыз. Бүгінгі жиын барысында көтерілген мәселелер бойынша сіздермен бірге жұмыс жасауға дайынбыз» – дейді.
Әрбір ұлттың өзіндік болмысы, салт-дәстүрі, ел билеу ерекшеліктері болады. Қазақ халқының ел билеу дәстүрінде қалың бұқара мен биліктің арақатынасында көпір қызметін атқарған ақсақалдар кеңесі болған. Бұл кеңес ел ішінде орын алған сан-алуан мәселелерді талқылап, кесім шығарып, бір шешімге келетін саяси институт еді. Яғни, бұдан байқағанымыз – ақсақалдар кеңесінің түп бастауы көне дәуірден бастау алған. Ел бірлігін сақтауда, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда ел ағаларының, ақсақалдар мен ардақты әжелердің қосар үлесі мол, ардагерлер сіздердің орындарыңыз мен ақылдарыңыз біз үшін аса маңызды. Сіздер елдің, той-жиынның адамысыздар. Жүрген жерлеріңізде тәрбиені насихаттап, халықты ел бірлігін сақтауға шақырсаңыздар екен, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Таласов.
Шара соңында елдің ынтамағы мен бірлігін нығайтуға елеулі үлес қосқан бірқатар ардагерлерге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібековтың атынан Алғыс хаттар табысталып, иықтарына шапан жабылды.
Шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков жүйелі жоспар құрып, тыңғылықты жұмыс атқарған Ақбала және Мелдеби шағын аудандары бастауыш ардагерлер ұйымдары төрағалары Мұсахан Мархабаев пен Ибрагим Бектұрсыновтардың еңбектерін ерекше бағалап, ризашылығын білдіріп, бірге жұмыс жасауға шақырды.
Өз кезегінде Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбдішүкір Әбдімәлікұлы Сапарбеков семинар жұмысын өте жоғары деңгейде өтті деп оң бағасын берді.
Б.БОЛАТОВА.