Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
Атап айтқанда, еңбек нарығын цифрландыру, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамтуды арттыру үшін басқа да ауқымды іс-шаралар қарастырылған.
Ақиқатында «Халықты жұмыспен қамту орталығы» қандай міндеттерді атқарады? Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Жыл басынан бері неше адам жұмыспен қамтылды? Осы және басқа да сұрақтарды алға тартып, Шардара аудандық «Халықты жұмыспен қамту орталығының» директоры Нартай Майхановпен сұхбаттасқан болатынбыз. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Нартай аға, орталықтың негізгі жұмысымен таныстырып кетсеңіз…
– «Халықты жұмыспен қамту орталығы» жұмыссыз азаматтарды есепке тіркейді және жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді, уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастырады. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
– Статистикаға көз жүгірте кетсек, жыл басынан бері неше адам жұмыспен қамтылды?
– «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде 2023 жылы 2796 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру жоспарланып, қазіргі таңда 1635 адам қатыстырылды (жұмысқа орналастырылғаны 1565 адам). Оның 1285-і жұмыссыз, 100-і өзін-өзі жұмыспен қамтыған, 249-ы жұмыс іздеушілер. Оның ішінде 523-і жастар, 178-і аз қамтамасыз етілгендер, 116-сы мүгедектігі бар адамдар.
Жұмыс берушілердің өтініміне сәйкес 25 жұмыссызды тігінші мамандығы бойынша қысқа мерзімді оқытудан өткізу жоспарланып, бүгінгі күнге облыстық жұмыспен қамту басқармасына тиісті өтінімдер ұсынылды.
Жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған 2,5 пайыздық шағын несиені 26 азаматқа беру жоспарланып, 60 азамат өтініш білдіріп, 31-і нақтыланды. Оның ішінде бүгінгі күнге 13 азаматтың құжаттары дұрысталып, несие беретін ұйымға өткізілді, қалған 18 азамат құжаттарын толықтыруда.
Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант 78 азаматқа беру жоспарланған, оның 20 азаматы «пилоттық жоба» бойынша Алатау батыр ауыл округінде тігін өндірісін дамыту бойынша берілетін болады. Бүгінгі күнге 1-лек бойынша 15 азамат грант алды, ал пилоттық жобаға қатысу үшін 22 азаматша өтініш білдіріп, кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтуде.
– Осы бағдарламалардың қоғамға тигізіп жатқан пайдасы қандай және жыл басынан бері осы бағытта қанша адам жұмыспен қамтылды?
– Пайдасы көп. Қоғамдық жұмыстар бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтып отырмыз. Олар қоғамдық бірлестіктерге барып, белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қиын жағдайға түскен азаматтар, сол сияқты жазасын өтеп келгендер де біздің көмегімізге жүгініп, өздерін бір қоғам мүшесі ретінде санауына толық жағдай жасалуда. Әлеуметтік жұмыс орындарына ағымдағы жылы 170 жұмыссызды жолдау жоспарланған, қазіргі таңда 29 жұмыс берушінің өтініміне сәйкес 195 азамат жолданды. Жастар практикасына 2023 жылы 410 азаматты жолдау жоспарланған, қазіргі таңда 60 жұмыс берушінің өтініміне сәйкес 152 жас маман жолданды, 9 адам тіркеуде тұр.
Қоғамдық жұмыстарға 2023 жылы 600 азаматты жолдау жоспарланған, қазіргі таңда 31 жұмыс берушінің өтініміне сәйкес 715 жұмыссыз азамат жолданды.
Алғашқы жұмыс орнына 45 азамат жолдау жоспарланған, 27 жұмыс берушіге 47 адам жолданды.
«Күміс жас» жобасына 2023 жылға 30 азамат жолдау жоспарланған. Қазіргі таңда 17 жұмыс берушінің өтініміне сәйкес 30 азамат жолданды.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша бос жұмыс орындарына 1432 адамды қамту жоспарланған, қазіргі таңда 426 адам жұмысқа жолданды.
Қысқа мерзімді оқыту, enbek.kz платформасында онлайн оқыту, шағын несие, әлеуметтік жұмыс, «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс», «Күміс жас» жобасы, бос жұмыс орны, мүгедектігі бар адамдар, тағы басқа бағыттарда жұмыс қамтылу үстінде.
– Электронды еңбек биржасы enbek.kz-тің тигізіп жатқан көмегі қандай?
– Порталдың басты жұмысы – жұмыс іздеу және персоналды іріктеуге жәрдемдесу үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң болып табылады. Енді, жұмыс беруші өзінің бос жұмыс орны туралы ақпаратты электрондық еңбек биржасында жеке кабинеті арқылы беріп, бұл бар бос жұмыс орындар бойынша мәліметтерді ұсыну туралы міндетті заңнама қағидаттарының іске асырылуын жеңілдетеді. Электронды еңбек биржасы арқылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері Ұлттық жобасы» бойынша ауданда бекітілген 23 жобада 219 жаңа жұмыс орнын (Шардара қаласында 3 жоба, 110 жұмыс орны, Қ.Тұрысбеков ауылында 7 жоба, 24 жұмыс орны, Алатау батыр ауылында 1 жоба, 24 жұмыс орны, Достық ауылында 7 жоба, 27 жұмыс орны, Жаушықұм ауылында 5 жоба, 34 жұмыс орны) ашу жоспарланып, қазіргі таңда Жаушықұмда 1 жобада 8 жұмыс орны ашылды. Алатау батыр ауылындағы жобаға бүгінгі күні 15 адам жолданды.
– Арнайы білімді талап ететін мамандықтар бар ма?
– Мектепке дейінгі тәрбиеші деген мамандыққа қабылдану үшін мұғалімдік дипломы болу керек. Сол сияқты массажды оқып, үйренем деушілерге медицина бойынша білім талап етіледі.
– Ол азаматтар оқуын аяқтаған соң, жұмысқа тұру жайы қарастырыла ма?
– Егер сол мамандыққа сұраныс болып жатса, бірден қызметке тұрып кете алады. Олар оқу барысында теория мен тәжірибеден өтеді. Өздерін жақсы қырынан көрсетіп жатса, сол тәжірибеден өткен мекемелер жұмыспен қамтамасыз етіп жатады. Өйткені, ол мекемелерде ваканция міндетті түрде қарастырылған.
– Айтпақшы, жаңалықтарыңызды естіп жатырмыз, өзіңіз басқарып отырған орталықтың мамандары кіші футболдан жеңіс тұғырынан көрініпті, құтты болсын! Осы жайында тоқтала кетсеңіз?
– Иә, құттықтауыңызға рахмет! Мамыр айының басында Шымкент қаласында Отырар ауданының ұйымдастыруымен кіші футболдан облыстық жұмыспен қамту орталықтары арасында дәстүрлі турнир өткен болатын. Соның ішінде Шардара ауданы оза шығып, тамаша өнер көрсетті. Яғни, осы мекеменің мамандарынан құралған топ бірінші орынды жеңіп алды. Құрамда Б.Қалдыбаев, Ж.Елдашбаев, Б.Қадырбеков, М.Алғибаев, Д.Ақбердиев, С.Маратұлы, А.Лесбеков, Е.Елубай сынды әріптестеріміз өнер көрсетті. Ендігі эстафета бізде. Соған қызу дайындық үстіндеміз!
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет! Әрдайым халыққа арнаған еңбектеріңіз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан Б.БОЛАТОВА.