«Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында арнайы насихатшы топ Келес ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Олардың қатарында Түркістан облыстық мәслихат депутаты әрі солтүстік көшін алғаш бастаушылардың бірі Жаңабай Ағабеков, «Отандастар қорының» Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Әлфараби Мыңбай, «Tauekel» қоғамдық ұйымының төрағасы Бурахан Даханов, Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданының Халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Бауыржан Баржанов, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов бар.
Олар 142 мыңнан астам тұрғыны бар Келес ауданының тұрғандарымен кездесіп, Солтүстік өңірге көшкен азаматтарға мемлекет және қоғамдық ұйымдар тарапынан қандай қолдаулар көрсетілетінін баяндады. Сондай-ақ, көшуге ниетті азаматтарға қажетті құжаттар тізімі түсіндірілді.
– Солтүстіктегі қазақ мектептерінің жабылмай аман қалуы көшіп барған бір отбасыға байланысты. Сондықтан теріскей өңір салқын деп жүрексінудің қажеті жоқ. Өздеріңіздей адамдар тұрып жатыр. Қайта қан қысымы сынды дерті азаматтарға ол жақтың ауа райы шипа. Сондай-ақ, жұмыс күші де тапшы. Кез келген азамат жұмыс таба алады. Солтүстік өңірде медицина, білім, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларымен айналысатын мамандар ауадай қажет. Қолынан іс келетін әрбір азаматты қуана қарсы аламыз. Бәсекелестік жоғары аймақта үй ала алмай, жұмыс таба алмай, малға жайылым, егінге суармалы жер таппай жүрсеңіз, Солтүстікке келіңіз, – деді Б.Даханов.
Айта кетейік, аталған делегация 5 күн бойы Түркістан облысының барлық аудандарында насихат жұмыстарын жүргізеді.