Жастарға жеңілдетілген шағын несие беру бойынша бағдарламаға Түркістан облысының жастары қызығушылық танытпай отыр. Мемлекеттік қолдаулар жайлы нақты ақпараттар ауыл-аймақтағы жастарға жетпеуінің басты салдары — салаға жауаптылар немқұрайлық көрсетуінде. Осылай деген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өзінің төрағалағымен өткен жиында ашып айтты.
Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы 2023 жылдың 1-ші тоқсанындағы қорытындылары бойынша мәжіліске облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, басқарма өкілдері, 17 аудан, қала әкімдігіндегі салаға жауапты орынбасарлар, жергілікті Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары қатысты. Ең негізгі 3 бағытқа сәйкес жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға талдаулар жасалып, басқарма басшысының үш бірдей орынбасарының баяндамалары тыңдалды.
Әуелі Тұрар Құдайбергенов Халықты жұмыспен қамту шаралары мен Ұлттық жобалар шеңберінде жүргізіліп жатқан шаралардың орындалуы, мемлекеттік гранттар мен несиелердің іске асырылу барысын таныстырды. Аталған бағыттар бойынша зерделенген ақпараттар ұсынып, орын алған кемшіліктерді толығырақ баяндады.
Е.Кенжеханұлы жаңа бизнес-идеялар үшін гранттар беру бағыты бойынша аудан, қалалардағы жауаптылардың жұмыстарына көңілі толмайтынын білдірді. Айтуынша, 2023 жылы 1688 адамға грант беру жоспарланса, оның бірінші легінде 381 адам қол жеткізген. Дегенмен, облыс әкімінің берілген тапсырмалары ескерілмей, 23,1 пайызы қайтадан мал шаруашылығына бағытталған. Бұл жайылым мәселесінің өршуіне септігін тигізеді.
Одан бөлек, Түркістан облысы көлемінде 594 жасқа жеңілдетілген шағын несие беру жоспарға алынған. Сенім білдірілген агенттік ретінде «Аграрлық несие корпорациясы» бекітіліп, бүгінде шараларды үйлестіріп келеді. Мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері облыс бойынша небары 89 жас кеңес алуға келген. Оның ішінде 58-і бизнес жоспарымен өтінім қалдырып, комиссия қарауына 57 ғана адамның құжаты өткізілмек. Облыс әкімінің орынбасары Жетісай, Мақтаарал, Келес, Созақ және Шардара аудандарында жұмыс мүлде жолға қойылмағанын, ақпараттық-түсіндіру шараларының төмендігінен бірде-бір жас қызығушылық танытпай отырғандығын жеткізді.
Ал аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік жағынан қолдау туралы мәселеге Нұржан Нұрашов хабарлама жасап, арнайы бағдарламалардың жүзеге асырылуына тоқталды. Жыл басынан аз қамтылған азаматтар үлесінің арттырылуы Мақтарал, Жетісай аудандарында орын алған. Биыл 3 айда еңбекке қабілетті 34 мыңнан астам атаулы әлеуметтік көмек алушының 22 мыңға жуығы ғана жұмыспен қамтылған. Ең төмен нәтиже Ордабасы ауданында байқалады. Басшы орынбасары қиын жағдайға тап болған отбасыларға «Қамқорлық» бағдарламасы аясында демеушілік көмек көрсетуді ұйымдастыруды жүйелендіруді алға тартты. Биыл өңір көлемінде 954 отбасы осы бағдарламаға қатысуы жоспарланды.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселесі туралы Күміскүл Мирова сөз алды. Оңалту-сауықтыру шаралары, инватаксимен қамтамасыз ету, нысандардың қолжетімділігін бейімдеу барысында мониторингтік топтардың анықтаған деректері, сайлауда дауыс берушілерге жасалған сараптаулар, жалпы осы салаға қатысты кемшін-тұстарға көңіл бөлуді сұрады. 2023 жылы 259 нысан бейімдеуден өткізу бекітіліп, 3 айдың ішінде оның 3-і ғана бейімделген. Назар аударатын жәйт, жоспарға алынған нысандардың басым бөлігі мемлекеттік органдарға тиесілі, алайда оларды бейімдеуге мардымсыз қаражат қаралған.
Мәжілісте көтерілген мәселелер мен сын-ескертпелер бойынша басқарма басшысы Ә.Темірбаева жүктелген міндеттерді орындамаған жауаптыларға тиісті шаралар қолдануды ұсынды. Е.Кенжеханұлы кемшіліктердің орнын толтыруға 1 ай уақыт беретінін айтып, жиынды қорытындылады.