Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Менің тапсырмаммен 2 миллиард түп ағаш отырғызылады. Бұл азаматтарымыздың тарапынан кең қолдау тапқан бастама болды. Жалпы, бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды. Қоршаған ортаға ешқандай оң әсері жоқ, қаражатты құр игеруді көздейтін жасанды шараларға жол бермеу қажет. Сондықтан ағаш отырғызуға лайықты орындарды анықтау үшін ғалымдармен және жұртшылықпен бірлесіп, кәсіби талдау жүргізген жөн. Қоғамдық бақылау құралы ретінде интерактивті карта дайындау қажет. Сол арқылы экология саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен тиімділігін қадағалауға болады. Үкіметке 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырамын. Әсіресе, қоршаған ортаны қорғау ісіне қажетті барлық көрсеткіштерді цифрландыру – маңызды міндеттердің бірі»,- деп мамандарға нақты тапсырмалар жүктеген болатын.Президенттің бастамасымен қазіргі таңда елімізде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда.
Аталмыш жоба Түркістан облысында жүйелі орындалып келеді. «Қазгидромет» мекемесінің мәліметіне сәйкес Түркістан облысы мен облыс орталығы – Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген. Бұл – 4 жылда жасалған ауқымды жұмыстың нәтижесі. Көгалдандыру, газдандыру, күннен қуат алатын электр станцияларының көбеюі мен өңірдегі орман алқабының артуы нәтижесінде Түркістан облысында жалпы экологиялық ахуалдың жақсарғаны ғылыми түрде дәлелденді. Өңірде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында «Таза Қазақстан», «Үнемді Қазақстан», «Табиғат» және «Экология болашағы» секілді 4 бағытта жұмыстар атқарылуда. Ауқымды жұмыс нәтижесі Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында баяндалды.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Қайрат Әбдуәлиевтің баяндауынша, атмосфералық ауа сапасын жақсарту мақсатында жоспарға сәйкес, 5 жыл көлемінде 1000 гектар жерге 1,1 млн. ағаш көшеттері отырғызылады. Облыста 831 елді мекеннің 55%-ға жуығы табиғи газбен қамтамасыз етілсе, жыл соңымен 9 нысанның құрылысы аяқталып, 467 елді мекенге табиғи газ қосу жоспарлануда.
Қатты тұрмыстық қалдықтарын жинап, қайта өңдеуге күш салынған. Облыс аумағында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.
Республикадағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиеселі немесе 548,2 мың гектарды құрайды. Өткен жылы 100 шақырымға жуық канал күрделі және ағымдағы жөндеуден өткен. Жетісай, Мақтаарал аудандарында 175 қашыртқы, 9 су нысаны жөнделіп, механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, 45,1 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды. Түркістан қаласында ағын су тапшылығын шешу үшін ірі су нысандарының құрылыстары жүргізіліп, қосымша 248,8 млн. м3 ағын су жеткізіледі.
«Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 58 шақырым канал бетондалып, 60 млн. м3 су үнемделетін болады.
«Кеңсай — Қосқорған — 2» су қоймасы, «Шаға» жағажайы, Ескек есу каналы пайдалануға беріліп, 31млн. м3 ағын су жеткізіледі. «Сырдария өзенінен машиналық арна салу», «Сарқырама» су қоймасы салу жобалары әзірленуде. Бұл жобалар арқылы Түркістан қаласы кепілді ағын сумен толық қамтамасыз етіледі.