Түркістан қаласының тұрғындары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қыстан қысылып шығатын. Себебі орталық қазандық істен шыққандықтан, пәтер иелері сан түрлі амалмен үйлерін жылытатын. Бірі түтінін будақтатып пеш жақса, енді бірі электрлік пешпен жан бағатын. Ол кезде тас болып тұрған батареялардан мардымды жылу берілетін күннің ауылы алыс екенін тұрғындар жасы түсінетін. Сөйтіп, 2009 жылдың қараша айынан бастап орталық қазандық «Жылу» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып жұмысын бастады. Кәсіпорын сол жылы қаладағы І және ІІ мөлтекаудандағы көпқабатты тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға сапалы жылу жеткізіп, жылыту маусымының жайлы өтуін қамтамасыз етті. Осы қалпынан жаңылмай жұмысын жүйелі жалғастыра берді. Бірақ бірнеше жылдан кейін жылу жеткізуді қатты отынмен емес, табиғи газға ауыстыру туралы мәселе күн тәртібіне шықты. Мұндағы мақсат – жылу беру маусымы келсе, Түркістан аспанында қалықтап кетпейтін көк тұманнан біржолата арылу. Сол арқылы қаланың климатын тазарту еді. Осы бағытта 2019 жылдан бастап «Жылу» мекемесі газбен жылыту жұмысын бастап кетті. 2020 жылдан бастап жоспар толық орындалып, орталық қазандық толық газбен жұмыс жасауға көшті.
Бұл басты бағыттың бірі ғана. Тұрғындарға мардымды жылу жеткізу кәсіпорынның басты міндеті. Мекеме бұл талаптың үдесінен қалай шығып келеді? Өткен жылу беру маусымында бірде бір нысанның жылудан ажыратылмағаны көп жәйттен хабар беретіні айтпаса да түсінікті.
Бүгінде Түркістан қаласында жылу беру маусымы басталып кеткені белгілі. Осыған байланысты кәсіпорында зор қарқынмен жұмысқа кірісіп кетті. Жауапты жұмыстарының барысы туралы Түркістан қаласындағы «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Ерғазы Рысбеков әңгімелейді.
– Аға, өткенге шегініс жасасақ. Түркістан қаласындағы «Жылу» кәсіпорны жұмысын бастаған 2009 жылы қанша үйге жылу жеткізді?
– Иә, сол жылы орталық қазандықтың іске қосылғаны түркістандықтар үшін ақжолтай жаңалық болды. Қаладағы І-ші және ІІ-ші мөлтекаудандағы қазандықтар іске қосылып, ондағы тұрғындар жылуға қол жеткізді. Сонымен қатар сол төңіректегі әлеуметтік мекемелерге де жылу жеткізуді бастады. Алғаш іске қосылған кезде аталған мөлтек аудандағы 70 үйдің 41-і жылуға толығымен қосылды. Уақыт өте келе кәсіпорын 57 көпқабатты тұрғын үйге, 2 мектеп, 1 балабақша, 45 заңды тұлға және 66 жер телімдік тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етті.
– Одан кейін де жылу беруді қамту аумағы да арта түскені белгілі. Қазіргі таңда қанша үйге жылу жеткізесіздер?
– Бүгінде орталық қазандықтан 75 көпқабатты тұрғын үй, 28 бюджеттік, 51 кәсіпкерлік, 52 жер телімдік тұрғын үй жылу алады. Сонымен қатар «Отырар» мөлтекауданындағы 38 көпқабатты тұрғын үйге, Мәдени-рухани орталығында 11 заңды тұлға және Әкімшілік-іскерлік орталығындағы 42 көпқабатты тұрғын үйге жылу беруге жауаптымыз. Барлығы 155 көпқабатты тұрғын үйдің қыстан қысылмай шығуын қамтамасыз етеміз. Өткен жылу беру маусымында орталық қазандық жылу беруді жүйелі жүргізді. Қазандық жұмысының негізсіз тоқтап қалуы немесе апат болған жағдайлар тіркелмеді.
– Түркістан қаласы 2018 жылы облыс орталығы болды. Сол уақыттан бастап халық тұрмысын оңтайландыру, қала климатын жақсарту мақсатында Түркістан қаласын газдандыру мәселесі алға шықты. Және оны жүзеге асыру қолға алынды. Осы бағытта «Жылу» кәсіпорны қай жылдан бастап газбен жылытуға толық көшті?
– Жылу жеткізуде қатты отын емес көгілдір отынды пайдалану мәселесі біздің мекемеге қойылған негізгі талаптың бірі болды. Соған сәйкес тиісті жұмыстар басталып кетті. 2020 жылы орталық қазандық толық газбен жұмыс істеуге көшті. 2019 жылы қаладағы «Отырар» мөлтекауданындағы модульді қазандық блок көгілдір отынмен жұмыс істей бастады. Қазіргі таңда қаладағы мәдени-рухани орталық, әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан барлық модуль қазандық блоктар табиғи газға қосылған.
– Жылу құбырлары қанша шақырымды құрайды?
– «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты құбырлардың ұзындығы 93,9 шақырымды құрайды. Оның ішінде 22,3 шақырым жүйе немесе барлық құбырлардың 23,7 пайыз магистральды жүйе болып табылады. Ал қалған 71,6 шақырым құбыр (76,3 пайыз) ішкі орамдық жүйені құрайды.
– Олардың қанша пайызы жаңартылған?
– Кәсіпорын өз жұмысын 2009 жылдан бастап бастағандықтан магистралды жүйе ескірмеген. Былтыр І-ші және ІІ -ші мөлтекаудандағы 17,99 шақырым болатын ішкі орамдық жылу желілерінің 14,2 шақырымы жаңартылды. Аталған жұмыстар Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникация бөлімі тарапынан жүзеге асты.
– Табиғи газбен жылу жеткізудің қала тұрғындары мен қоршаған орта үшін тигізер пайдасы туралы айта кетсеңіз.
– Көмірді пайдаланудың азабы көп екені айдан анық. Әсіресе жеке тұрғын үйлер үшін қыс бойы көмір жағып, күл шығару әуре-сарсаңы көп жұмыс. Әр үйдің мұржасынан шығатын будақтаған көк түтіннің қала климатын құртып жатқаны экологиялық проблемалардың пайда болуына әкеп соқтыратыны сөзсіз. Ал көгілдір отынның арқасында халық тұрмысын жақсартып, климат таза ауамен тыныстап қалды.
– Өткен жылу беру маусымында техникалық себептерге байланысты абоненттер жылудан ажыратылды ма?
– Былтыр бірде бір абонент жылудан ажыратылмады. Кәсіпорын тоқтаусыз, техникалық үзіліссіз жұмыс істеді. Тек жер телімдік тұрғын үйлер орталық табиғи газ жүйесіне қосылғандықтан өз өтініштері негізінде орталық жылу жүйесінен ажыратылды.
– «Жылу» мекемесінде техногенді апаттарды алдын алу бағытындағы жұмыстар туралы айтып берсеңіз.
– Кәсіпорында техногенді апаттарды болдырмау мақсатында күнделікті жауапты мамандарға апат болуы мүмкін жабдықтар және орындарды қадағалау қатаң тапсырылады.