Түркістан қаласында халықтың тұруы үшін қолайлы климат қалыптастыру мақсатында ҚР Президентінің тапсырмасына және облыс әкімінің бастамасына сәйкес, 2019 жылдан Түркістан қаласының айналасында «Жасыл белдеу» құру жұмыстары басталғаны белгілі.
Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сәйкес, «Жасыл аймақ» КММ-сіне қарасты жер телімдеріне қазіргі таңға 7700 гектар алқапқа 11404319 дана жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды.
Жалпы, «Жасыл Қазақстан» – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, әзірленген Ұлттық жоба. Осы арқылы еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартып, халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру көзделіп отыр.
Орнықты дамудың 7 мақсатын көздейді
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, құжат төрт негізгі бағыттан тұрады. Тұтастай алғанда, Ұлттық жобада 11 міндет қарастырылып, соған сәйкес 19 көрсеткіш және 48 іс-шара айқындалды.
«Бірінші бағыт – «Таза Қазақстан» атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздегі су нысандарының экожүйелерін сақтау сынды негізгі экологиялық проблемаларды шешуге ықпал етеді. «Үнемді Қазақстан» бағытында табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануға ден қойылады. Бірінші кезекте, бұл су ресурстарына және экономиканың энергия сыйымдылығын төмендетуге қатысты. «Табиғат» бағытының мақсаты – биоалуандықты сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту. Төртінші бағыт – «Экология болашағы» халықтың экологиялық білімі мен мәдениетінің деңгейін арттыруға арналған.
Әр бағыт бойынша мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші деңгейдегі құжаттарымен, сондай-ақ БҰҰ Орнықты даму мақсаттарымен өзара байланыстылығы айқындалған. Мәселен, тұрақты дамудың 17 мақсатының ішінде бұл жоба жеті мақсатты іске асыруды көздейді», деді С.Брекешев.
Еліміздің бас экологы айтқандай, «Таза Қазақстан» атмосфералық ауаның ластануын азайтуды, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруді, тұйық циклдегі экономиканы дамытып, тарихи ластануларды жоюды және республика аумағындағы су нысандарының экожүйелерін сақтауды көздейді. Бұл біріншіден, ластанудың деңгейі жоғары өнеркәсіп орындарының қызметі мен электр стансаларында көмірді жағумен байланысты. Осы мәселені шешу үшін ауа сапасы нашар 10 қалада 5 жыл ішінде 16 ірі кәсіпорында зиянды қалдықты 20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Айталық «АрселорМиттал Теміртау» қалдық көлемін 54%-ға азайтуға міндетті.
Ұлттық парктердің қатары толығады
Экожүйені орнықты дамыту үшін әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ауданы шамамен 10-12%-ды құрауы тиіс. Қазір Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың үлесі – 9,6%. Осыған байланысты «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық паркін және «Мерке» қорықтар табиғи паркін құру жоспарлануда.
«Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру» міндеті шеңберінде тұран жолбарысын реинтродукциялау үшін азық базасын құру мақсатында «Іле – Балқаш» мемлеккеттік табиғи резерватында қабан, тоғай бұғысы, елік санын ұлғайту көзделген. Сондай-ақ балық ресурстарының табиғи популяциясын 224 мың тоннаға дейін ұлғайту және жерсінуі кемінде 65% болатын 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі іс-шаралар қарастырылған», деді министр.
Экологиялық мәдениет басты назарда
С.Брекешевтің айтуынша, «Экология болашағы» аясында орнықты даму қоғамын құруға баса назар аударылады. Ведомство басшысы экоқұрылым мен мәдениет деңгейін арттыру жөніндегі бағыт ұлттық жобаның базалық бағыты саналатындықтан табиғатты қорғау және экологиялық сақтау іс-шаралары мен саясаты бірінші кезекте экология және қоршаған ортаны қорғау туралы базалық түсініктері бар азаматтарға арналады. Қазіргі жағдай осы саладағы білім беру, оның ішінде экологиялық білім саласында реформалар жүргізу қажеттілігін көрсетіп отыр.
«Осы бағытта екі міндет алға қойылған. Біріншіден, бұл – экологиялық аспектілерді ресми білім беру және ағарту жүйесіне біріктіру. Мектептің 6-сынып бағдарламасына таңдау бойынша жаңа курс ретінде «Экологияны» енгізіп, осы бағыттағы ағарту орталықтары желісін құру көзделген. Екіншіден, экологиялық бағыттағы ақпараттық кеңістікті қалыптастыру. Birge-taza Qazaqstan сынды экологиялық акциялар іске асырылады», деді Экология министрі.
Тұтастай алғанда, жобаны іске асыру халықтың нақты кірістерінің ұлғаюына, ІЖӨ-нің 231 млрд теңгеге өсуіне ықпал етіп, 60 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп болжануда. Министр бұл жоба әлеуметтік нәтижеге қол жеткізуге арналғанын жеткізді. Бұдан басқа аталған стратегия көлдердегі су сапасын жақсартуға, сондай-ақ суару кезінде шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Сол секілді орманды аумақты 5%-ға дейін ұлғайтуға жол ашады деп сендірді жоба авторлары.
Ж.Сағадат