Қазақстан «жасыл» экономика саясатын барынша қолдауға басымдық береді. Бұл бағытта қазір белсенді түрде кешенді іс-шаралар қолға алынған. Жақын арада елдегі аса ірі 50 өндірістік кәсіпорын экологияға келтіретін залалын әлдеқайда азайтады. Оның тиімді жолдары бар. Ол тетіктер жуырда күшіне енген жаңа экологиялық кодексте қарастырылған.
Әзірге Қазақстан қалалардың ластану көрсеткіші бойынша әлемнің 115 елінің ішінде 33-ші орында тұр. Бұл ретте еліміздің индексі 73,4 құрайды. Антирейтинг көшін Камерун, Моңғолия және Мьянма бастап келеді. 12,1 индекспен ең жақсы көрсеткіш Финляндияның еншісінде. ТМД елдерінде Әзербайжан бір саты жоғары. Төменде Молдова, Украина, Ресей, Армения және Беларусь орналасқан.
Озық қолжетімді технологиялар алдымен елдің энергетикалық секторы, тау-кен металлургия кешені, цемент және химия өнеркәсібінің өндірісіне енгізіледі деп жоспарланып отырғанын айта кету керек. Осы қағидаттарға көшу үшін қазір ұлттық анықтамалықтар әзірленуде. Олардың жалпы саны 16 болмақ. Онымен халықаралық «жасыл» технологиялар және инновациялық жобалар орталығы жанындағы арнайы бюро айналысады.
Ерлан Тасбаев, Озық қолжетімді технологиялар бюросының басшысы
— Ұлттық анықтамаларды әзірлегеннен кейін негізгі ластаушылар, яғни бірінші санаттағы кәсіпорындар кешенді экологиялық рұқсат ала алады. Тиісінше салық кодексінің ілеспе заң жобасына сәйкес, 25 жылдан бастап қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемнен босатылады. Озық қолжетімді технологияларды енгізу өндірісті жаңғырту, барлық технологиялық үрдісті автоматтандыру, оларды қайта жарақтандыру дегенді білдіреді. Кәсіпорындар мемлекет пен қоғам алдында әлдеқайда ашық болады. Жалпы бұл қоршаған ортаға, оның ішінде халықтың денсаулығына теріс әсердің төмендеуіне үлкен сеп болады.
Кәсіпорындардың ауаны ластауға қатысты орташа тәуліктік көрсеткіштері, қоршаған ортаға тарайтын зиянды заттардың артуы сынды елдегі жалпы экологиялық ахуал жайында ақпарат интерактивті картада көрсетілген. Оны елдің экологиялық ұйымдар қауымдастығы әзірлеген.
Әлия Баймаханова, Экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының кеңесшісі:
— Бұл мониторинг нақты уақыт шеңберінде көрінеді. Біз әзірге елдегі өнеркәсіптік кешенді тұтастай емес, тек қана ірі кәсіпорындар жайында айтып отырмыз. Интерактивті карта ақпараттық тұрғыда қажетті деректер көзімен мейлінше қамтылады деп күтілуде. Бұл уәкілетті органдардың жұмысы үшін маңызды құрал. Сондай-ақ интерактивті картаның жүйесінде ел халықы үшін де қоғамдық мониторинг жүргізіп, бақылау жасау үшін мүмкіндіктер қарастырылған.
Айта кетейік, карта қауымдастық сайтында қолжетімді. Елдің әрбір тұрғыны онда өзінің қаласы, ауылы немесе жалпы өңірдегі экологиялық мәселелер жайында шағымдарын, ескертулерін және тілектерін еркін түрде қалдыра алады.
Ж.Ермұқанов