Түркістан қаласының экологиялық ахуалы әр кез өзекті тақырып болып келгені рас. Әсіресе, Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері осы тақырып аясындағы әңгімелер көптеп айтылуда. Бұған қоса жаз айындағы аптап ыстық пен аңызақ желдің өзі бір әңгіме.
Түркістан қаласындағы Rixos қонақ үйінде өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қалалардың жасыл аймағы, жасыл екпелерді дамыту және күтіп-ұстау перспективалары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының мақсаты мен бағыты да табиғат анаға арналды.
Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастамасымен өткізілген ауқымы кең шараға өңіріміздің эколог және орман шаруашылығы мамандары, ғалымдар-профессорлар, табиғат жанашырлары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Конференция жұмысын ашып, жүргізіп отырған «Жасыл аймақ» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры Әбутәліп Құлахметов жалпы бүгінгі басқосудың мақсатына тоқталды.
Алғаш болып баяндамаға шыққан Түркістан облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев Түркістан қаласында халықтың тұруы үшін қолайлы климат қалыптастыру мақсатында ҚР Президентінің тапсырмасына және облыс әкімінің бастамасына сәйкес 2019 жылдан Түркістан қаласының айналасында «Жасыл белдеу» құру жұмыстары басталғанын тілге тиек етті. Баяндамашының мәліметіне сүйенсек, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы «Жасыл аймақ» КММ-сіне қарасты жер телімдеріне қазіргі таңға 7700 гектар алқапқа 11404319 дана жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды. Сонымен қатар, «Жасыл белдеу» аумағына «КазАтомөнеркәсіп» АҚ мекемелерімен өтемдік екпе ағаштарын отырғызуға бірлесіп 3020 га жер телімдеріне 8881820 дана сексеуіл көшеттері отырғызылды және 2500 га жерге сексеуіл тұқымы себілді. Жалпы бүгінгі күнге дейін жасыл белдеудің аумағы сексеуіл ормандарын қоса есептегенде 13220 га болып, отырғызылған көшеттердің саны – 21489008 дана, суменен қамтамасыз ету үшін 295 дана су ұңғымалары орнатылды. Жасыл белдеуді қоршау жұмыстары 434500 метрге жетті. Түркістан қаласы Бас жоспарының жобасына сәйкес, «Жасыл белдеу» құру жұмыстары ағымдағы жылы толығымен аяқталады, – деді Қ.Аманкелдіұлы.
Мінберге көтерілген Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Әлімжан Рахымжанов пен Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты Алматы филиалының директоры Руслан Ахметовтер өз ойларымен бөлісіп, климаты құрғақ аймаққа жататын Түркістанда экологиялық ахуалды тұрақтандыру бойынша жұмыстарды бірлесе атқарып отырған Түркістан облысы әкімдігіне алғыстарын жеткізді.
Ал, Ташкент аграрлық университетінің профессоры Абет Досахметовтың пікірі бойынша Түркістанда орман саябағын құру керек. Өйткені, Түркістан барлық жағынан алып қарағанда Қазақстанда ең ыстық қала, ауа-райы қолайсыз. Жұмыс орнында отырып жұмыс істеудің өзі қиын. Орман саябағы бізге ең жақын Санкт-Петербургта бар. Соның жобасын алып келіп бізде қолдану керек. Орман саябақтың ерекшелігі – мұнда сауықтыру және демалыс орындары болады. Орман саябаққа шынар, каштан, акация, қара талдың бірнеше түрін егуге болады. Мұның барлығына алдымен су мәселесін шешу өте маңызды,-деді А.Ажекұлы.
Күннің екінші бөлігінде қонақтар Түркістан қаласы айналасындағы «Жасыл белдеу» аймағымен танысты. Мұнда табиғат жанашырлары 2 жыл ішінде атқарылған жұмыстарды талдап, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Райымжан ӘЛІБАЕВ