ҚР Ішкі істер, Экология, геология және табиғи ресурстар Министрлігімен келісе отырып 30.04.2020ж. ҚР Ауыл шаруашылығы Министрлігімен «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың үлгілік Қағидалары» бекітілген.
Осы негізде, Түркістан облыстық мәслихатының 19.03.2021ж. шешімімен облыс аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың Қағидасы бекітіліп, әділет органдарында ресми тіркеуден өткен.
Аталған Қағида ауыл шаруашылығы жануарларын айдауды, жаюды ұйымдастыруды регламенттейді. Қағида талаптарына қысқаша тоқталып өтетін болсақ:
- ауыл шаруашылығы жануарлары дегеніміз — адам өсіретін, ауыл шаруашылығы өндірісіне тікелей қатысы бар жануарлардың барлық түрлері, ал ауыл шаруашылығы жануарларының иелері — меншік, шаруашылық жүргізу құқығындағы, жедел басқарудағы немесе басқа да заңды негізінде ауыл шаруашылығы жануарлары бар заңды немесе жеке тұлғалар болып табылады.
Қолданыстағы заңнамаларға сай жеке және заңды тұлғаларға тиесілі ауыл шаруашылығы жануарлары меншік нысанына қарамастан есепке алуға және тіркелуге жатады, яғни ҚР Ауыл шаруашылығы Министрінің 30.01.2015ж. Бұйрығымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру Қағидаларына» сай әрбір тіркелген ауыл шаруашылығы жануарларына сәйкестендіру нөмірі беріледі. Ветеринариялық паспорт ауыл шаруашылығы жануарларына ұсақ малдарды, шошқаны қоспағанда жеке беріледі.
Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю орнына дейін және кері қарай жылжуы, ал тәуліктің қараңғы және түнгі уақытында ұстау орнына дейін айдап өту (айдау) ауыл шаруашылығы жануарларының иелерінің немесе олардың уәкілетті адамдарының қадағалауымен жүзеге асырылады.
Ал, жұқпалы ауруларды жұқтырған, міндетті ветеринариялық рәсімдерден (вакцинациялау) өтпеген, бірдейлендірілмеген, өзге жолдар болған кезде ауыл шаруашылығы жануарларын асфальт төселген және цементпен бетондалған жолдармен айдап өтуге, қоғамдық шомылатын орындарда, тоғандарда, субұрқақтарда, су айдындарында және жалпыға ортақ пайдаланылатын су айдындарында ауыл шаруашылығы жануарларын суаруға және жаю орнына дейін және кері қарай айдап өту (айдау), сондай-ақ жаю ауыл шаруашылығы жануарлары иелерінің немесе олар уәкілеттік берген адамдардың қадағалауынсыз ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға жол берілмейді.
Адамдардың сүйемелдеуінсіз жүрген ауыл шаруашылығы жануарлары қараусыз жануарлар болып есептеледі және иесі анықталғанға дейін уақытша ұстау үшін қоражайларға айдауға жатады, ұсталған қараусыз жануарларды ұстау, иелеріне қайтару тәртібі және иелерінің жауапкершілігі ҚР Азаматтық кодексінің 246-бабына сай айқындалады.
Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары қараусыз қалған ауыл шаруашылығы жануарларын уақытша ұстау орындарын ұйымдастыруды, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді және т.б. қамтамасыз етеді.
Ауыл шаруашылығы жануарларының иелері, не олар уәкілеттілік берген адамдар кенттердің және ауылдық елді мекендердің аумағы шегінде және шалғайдағы орналасқан жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын жаюды, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю, жаю орнына дейін және кері қарай айдау (айдау) кезінде сүйемелдеуді, елді мекендер шегінде жайылымдармен қамтамасыз етілмеген ауыл шаруашылығы жануарлары топтарын шалғайдағы жайылымдарға айдауды ұйымдастырады.
Өз кезегінде, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 408 бабына сай ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін — 3 (үш), жеке тұлғалардың мүлкіне залал келтіруге әкеп соққан дәл сол әрекет үшін — 10 (он) айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде әкімшілік айыппұл көзделгенін ауыл шаруашылығы жануарларының иелері білгені абзал.
Келес аудандық прокуратурасы