Бүгін Сарыағаш ауданы, Қайнарбұлақ ауылдық округінде аудан әкімінің бастамасымен ағымдағы жылдың 6 қазанында басталған «Ауыл — Ел тірегі» онкүндік іс-шараны қорытындылау жиыны өтті.
Аталған жиынға аудан әкімінің орынбасары М.Оразалиев, сала басшылары және тұрғындар қатысты.
Онкүндік іс-шараның өту кезінде ауылдық округінің коммуналдық жүйелерінің жағдайын зерделеу, әлеуметтік көмек көрсету, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, әлеуметтік-экономикасын дамытуға бағытталған жұмыстарға баса назар аударылды.
Осыған байланысты, сөз кезегіне шыққан аудан әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімшесінің басшысы М.Нұрлыбаев бөлімдер тарапынан жоспарға сәйкес ұйымдастырылған жұмыстар мен тұрғындармен өткен жеке қабылдауларының нәтижесін баяндады.
Атап айтқанда,
— бос жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарының малын жаю үшін әкімшілікке табыстау бағытында ауыл аумағындағы арнайы жер қорынан жалпы көлемі 72,970 гектар жайылымдық жер учаскесі алынып, тұрғындардың малын жаю үшін жергілікті әкімшілікке тұрақты пайдалануға беру мәселесі қаралып, оң келісім берілді. Қазіргі таңда, жалпы көлемі 577,51 гектар жайылымдық жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды;
— «Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Құрлық, Қасымбек Датқа, Әсіларық ауылдарында мәдениет үйі, кітапхана және спорттық үйірмелер ғимаратының құрылыстары» нысандардың жобалау-сметалық құжаттарын дайындау үшін қажетті инженерлік-коммуникациялық жүйелерімен қамтамасыз етуге тиісті құжаттары жинақталып, рәсімделуде;
— «Сауатты жарнама – тіл тазалығының айнасы» тақырыбында өткен акцияда елді мекендердегі көше бойларындағы кәсіпкерлік нысандардың маңдайша жазулары мен көрнекті ақпарат құралдары зерделеніп, қолданыстағы заңдарға сәйкес жазылуы туралы ұсыныс-кеңестер берілді;
— «Ақсу» спорт клубының ұйымдастыруымен ауыл жасөспірімдері арасында футбол, волейбол секілді спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды;
— көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген бағада жанармай және несиелер алу бойынша шаруаларға қарастырылған мемлекеттік қолдау туралы түсіндірілді;
— атаулы әлеуметтік көмек бойынша 113 отбасыға 6 млн. 333 мың теңге жәрдемақы төленді. Сонымен қатар, 48 балаға 1 млн. 441 мың теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік топтама төленді. «Қамқорлық» бағдарламасына тартылған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен, 5 көпбалалы отбасыға демеушілер тарапынан қосымша азық-түлік жиынтығы таратылды;
— ауылдық округі әкімі аппаратының бюджеттің кіріс көздеріне талдау, салық салу базасына мониторинг жасалды;
— Ошақты ауылындағы тозығы жеткен электр бағаналары жаңаланып, 45 дана темір-бетон бағанасы және электр трансформаторы орнатылды. Қасымбек датқа ауылы Ж.Дүйсебайұлы көшесінің бойында орналасқан «Көмешбұлақ» жалпы орта мектебінің алдына балалардың қауіпсіз жол жүру мақсатында екі жерден жасанды жол кедергісі орнатылды.
Кездесу соңында ауыл белсенділері спорт ғимаратын салуды ұсынып, электр жарығы, газ, ауыз су жүйелерінің қалыпты қызмет етуін сұранды.
Өз кезегінде Мадияр Мұхтарұлы және ауылдық округінің әкімі Е.Дүйсебаев тұрғындардың өтініштерін бақылауларына алып, алдағы уақытта ретке келтірілетінін түсіндірді.
Сайрам ауданының Құрметті азаматы, жеке кәсіпкер С.Сағындықов ауылдық округінің әлеуетін көтеру және халықтың игілігі үшін қолға алынған игі бастамаларға ризашылығын жеткізе келе, жерлестерін ауызбірлікті сақтауға шақырды.