Бүгін Сауран ауданында игілікті шараның куәсі болдық. Тарқатып айтатын болсақ, Майдантал ауылдық округінде жақсылық жасауға жаны құмар Сауран ауданының Құрметті азаматы Ержан Бексейітовтің бастамасымен жағдайы төмен екі отбасыға баспана берілді. Бұл қайырымдылық іске ауылдың белсенділері және жеке кәсіпкерлері бірлесе ұйымдасқан. Айтулы шараға Сауран ауданының әкімі Ғ.Рысбеков, аудандық мәслихат хатшысы М.Күнпейісов, ауданның зиялы қауымы, ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
Қарапайым тірлікте құлағанды көтеріп, сүрінгенді демеп жүретін қайырымды жандар болады. Олардың іс-әрекеті арқылы өмірдің қиындығын ұмытып, алғы күндерге үміт артуға, болашағына нық қадам жасауға болады. Қайырымдылық жасау — ізгіліктің басты көрінісі мен асыл қасиеттерінің бірі болып табылады. Жақсылық жасау имандылықтың, тәрбиелектің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іске арқау болып жүретін, асыл арманға қол созғандарға сүйеніш болып, қолдарынан келгенін аямайтын ауданымыздың белсенді жастары мен кәсіпкерлері жетерлік деп білеміз.
Игілікті шарада аудан әкімі Ғ.Рысбеков, мәслихат хатшысы М.Күнпейісов ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, сауапты іске ұйытқы болған барша жандарға алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, аудан әкімі Ғ.Рысбеков мұқтаж жандарға баспана салып, тарту еткен азаматтарға алғыс хат табыстады. Жаңа баспанаға ие болған ауыл тұрғындары Әлжан Маханов пен Рахымжан Тапановқа қоныс құтты болсын дестік.