Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Қарақұм ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Аудан әкімі осыдан екі ай бұрын болған кездесуде қарақұмдықтар тарапынан айтылған ұсыныстардың орындалуына тоқталды.
— Өздеріңізбен болған алғашқы кездесуде 7 мәселе көтердіңіздер. Дені коммуналдық салаға бағытталған болатын. Соның ішінде Қарақұм ауылын газдандыру мәселесі көтерілген. Тиісті жұмыстар басталған. Бұйыртса, келесі жылдың соңына дейін ауыл толығымен табиғи газбен қамтылатын болады. Сондай-ақ Құрманбек каналын бетондау жайы сөз болды. Зерделей келе 4 шақырымы бетондалатын болып нақтыланды. Қалғаны, яғни 7 шақырымнан астамы тазаланады. Тиісті жұмыстар келесі жылы жүзеге асырылады деп жоспарлануда, — деді аудан әкімі. Кедесуде сондай-ақ басқа да салалар бойынша атқарылатын жұмыстар туралы ақпарат берілді.
Шара соңында ауыл тұрғындары саябақты абаттандыру, спорт алаңшасын салу, асыл тұқымды мал басын субсидиялау, денсаулық сақтау мәселелері бойынша сауалдарын қойды.