Түркістан облысы Сайрам ауданының орталығында «CaPable Group» компаниясы балаларға арналған жөргектер шығарады.
Жергілікті кәсіпкер Сүйін Бейімбет Түркия елінің кәсіпкерлерімен бірлесіп, былтыр ауданда осы инновациялық жобаны алғаш рет іске қосқан болатын. Жобаның жалпы құны — 3 млрд теңге. Кәсіпорында 2-ден 6-ға дейінгі өлшемдегі жөргектердің тәулігіне 180 мың данасы өндіріледі. «Симбо бейби» және «Алтын бала» атты жөргектер шикізаттың оннан астам түрінен дайындалады. Құрал-жабдықтар Түркия мен АҚШ-тан сатып алынған. Отандық өнімдер тұтынушылар үшін тиімді бағада ұсынылғандықтан сұраныс көп.
Кәсіпкер жергілікті 40-тан астам азаматты жұмыспен қамтып отыр. Олардың арасында бірнеше мүгедек жандар бар. Негізгі жұмыс тәртібі — 8 сағат, ал мүгедектігі бар азаматтардың денсаулығына байланысты жұмыс сағаты да ыңғайлап есептелген. Кәсіпкер алдағы уақытта ересектерге де арналған жөргек шығаруды қолға алуды жоспарлап отыр.