Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Sembol Construction» компаниясының қаржы жөніндегі Атқарушы Кеңесінің мүшесі Октай Горгулмен кездесті. Аталған компания Түркістанға кезекті инвестициясын салып, ауқымды жобаларды жүзеге асырмақ. Атап айтсақ, өңірде кабель және керамикалық өнімдер мен сантехника шығаратын зауыт ашуға ниетті. Облыс әкімі инвестициялық жобаларға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Сіздер ұсынып отырған жобалар біз үшін өте маңызды. Инвестиция құямын дейтін компанияларға, азаматтарға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Жобаларды іске асыруға арналған инфрақұрылым бойынша сұраныстарыңызды толық орындаймыз. Арнайы экономикалық аймақтан жер, инфрақұрылым ұсынамыз. Қазақстан-Түркия ынтымақтастығының Түркістан облысының дамуында ерекше маңызы бар екенін атап өткім келеді. Түркістан – қасиетті шаһар. Қасиетті қалада айтылған уәделер, сөздер орындалуы керек. Әріптестігіміз нығайып, жобалар жүзеге асады деп сенемін, – деді Дархан Сатыбалды.
Октай Горгул Түркістан қаласын аралап көргенін, серіктестерімен бірге зерттей келе қалаға инвестиция салу жөнінде шешімге келгендерін айтты.
– Біз ұсынып отырған екі жоба жүзеге асса, өңір экономикасына оң серпін береді деп ойлаймын. Бірінші жобамыз – кабель шығаратын зауыт. Оның инвестициялық құны – 84 млн. АҚШ доллары. Кабель өнімдері мен түрлері шығарылатын зауытта түркістандықтар жұмыспен қамтылады. Жылына 12 мың тонна өнім шығарамыз деген жоспар бар. Екінші жоба – керамика өнімдері мен сантехника шығаратын зауыт. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 6 млн. шаршы метр. Инвестициялық құны – 150 млн. АҚШ доллары. Зауыт салу жұмыстарымен осы салада тәжірибесі бар түркиялық компаниялар айналысады, – деді түркиялық инвестор.
Керамикалық өнімдер шығаратын зауытта Италияның құрылғылары орнатылмақ. Соңғы технологиялар қолданылады. Аталған зауыттарда 1000-ға жуық жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде Қазақстан кабель мен керамикалық өнімдердің басым бөлігін шетелден импорттайды. Нақтырақ айтсақ, елімізге 150 млн. долларға керамикалық плиткалар, 37 млн. долларға санфаянс, сондай-ақ 236 млн. долларға кабельдер мен сымдар тасымалданған. Бұл зауыттар арқылы отандық өнімнің үлесі артатын болады.
Облыс әкімі зауыттарды салу үшін жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Түркиялық инвесторларға бұл мәселені тағы да пысықтап, арнайы шарттарды бекітіп, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі