Шымкент қаласының «Елтай» тұрғын алабында көптен күткен 650 орындық жаңа мектеп ашылды.
Бұған дейін елді мекеннің 600-ден астам оқушысы 4 шақырым қашықта орналасқан көрші ауылдың мектептеріне қатынап оқитын.
Ғимарат заманауи құрал-жарақпен жабдықталған. Биология, химия, физика зертханалары және кең спорт залы бар. Ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек қатысты.
“Биыл Шымкент қаласында 40-қа жуық мектеп ашылады. Үш ауысымды мектеп 9 дан 4-ке азайды, келер жылы тіпті болмайды. Бүгін міне елтайлықтар үшін үлкен қуаныш. Бұл мектеп бір ауысымды болады. Түске дейін балалар білім алады, түстен кейін қосымша үйірмелерге қатысады. Жалпы, келешекте барлық мектеп осындай бір ауысымды болуы тиіс”, — деді Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Жаннат Тәжиева.
Жеке инвестор салған мектепте білім беру жан басына қаржыландыру арқылы мемлекеттен қаржыландырылады және тегін, оқушыларды тасымалдау үшін де арнайы автобус қаралған. Мемлекет бағдарламасы балаларымыздың сапалы білім алуы үшін өте тиімді.
“Біздің мақсатымыз — тек қана білім беру емес, оқушылардың берген білімді меңгергеніне көз жеткізу. Сол үшін БИЛ, НЗМ, iQaanat сияқты мектептер пайдаланатын EDUCON компаниясының ақпараттық технологиясын қолдана отырып, оқушы өткен сабақты
бойына сіңіріп алғанша оқытамыз. Түсінбеген тақырыбын үйде отырып, видео сабақтар арқылы қайталай алады. Мұғалімдер мен ата-аналар оқушының барлық пәндер бойынша үлгерімін жыл бойы бақылап отыра алатын болады.”, — деді мектеп директоры Ақмарал Көмекқызы.
Мектептің салтанатты ашылуына орай, Елтай тұрғындарына арнап дастархан жайылды. Мектеп ұжымы мен оқушылар ата-әжелердің ақ тілегін тыңдап, батасын алды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі