Республика күніне орай, Отырар ауыл округі, Мөлке Шойманов ауылында жабық спорт кешені ашылды. Бұл кешеннің бой көтеруіне ұйытқы болған спорт жанашыры Нұржан Нұрашов мереке қарсаңында жерлестеріне үлкен тарту жасады.
Заманауи спорт кешені ауылдың күннен-күнге сәулеттеніп, ажарланып келе жатқан ажарына ажар қосып, спортсүйер қауымға ерекше көңіл күй, қуаныш сыйлады.
Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов, аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қаржыгер Нұрлыбек Балғабеков пен белгілі кәсіпкер, спорт жанашыры Әбдімәжит Сыздықбеков жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, жомарт жүректі азамат Нұржан Сатыбалдыұлына шынайы алғыстарын жеткізіп, алдағы істеріне толағай табыс тіледі.
Ал, ауданның Құрметті азаматы, ақын Бегаман Сұлтаев өзінің жүрекжарды лебіздерін жыр шумақтарымен өрнектеп жеткізсе, отырарлық ақжүрек азаматтар атынан арғымақ атқа мінген кәсіпкерге қария Бекбатыр Әйменов ақ батасын берді.
Жомарт жүректі жеке кәсіпкердің өз қаржысына салып берген сәулетті спорт кешені салтанатты түрде ашылған соң, жиналған қауым жаңа нысанды аралап көрді.
Жиын соңында кіші футболдан жастар арасында ұйымдастырылған «Отырар лигасы» ойындары қорытындыланды. Сайыста шебер ойын өрнегін көрсеткен спортшылар Алғыс хаттармен марапатталып, оларға медальдар мен қаржылай сыйлықтар, кубоктар табыс етілді.