Тәуелсіз еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес жыл көлемінде барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулері тұрақты түрде өткізілетін болады. Халықты толғандыратын өзекті мәселелер қозғалып, оларды шешу жолдары қарастырылатын осындай келелі жиын бүгін Балтакөл және Маяқұм ауыл округтерінде өткізілді.
Мақсат – өткен тоқсанда округ тұрғындары тарапынан көтерілген өзекті мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырып, басқа да мәселелердің шешілу жолдарын бірігіп талқылау, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту ісінде қосымша ұсыныс-пікірлерді тыңдау.
Аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов кездесуде жиналған тұрғындарға ауданның әлеуметтік-экономикалық жағынан даму қорытындысы мен биылғы жылға белгіленіп отырған міндеттер туралы баяндады.
Мағынасы да мәнді өткен жүздесуде ауыл тұрғындары өздерінде атқарылу кезегін күтіп тұрған өзекті мәселелерді сұрақ-жауап бөлімінде іркілмей қозғай білді. Жайылымдық жерлердің жай-күйі, салауатты өмір салтының берік кепілі денсаулық пен спортты дамытып, өркендету секілді тағы да басқа мәселелер сөз болды.
Мәселен Балтакөл ауылындағы ұзындығы 2000 метр болатын М.Әжіқабылов көшесіне аяқ жол салу үшін Балтакөл ауыл округі әкімі аппаратымен жер учаскесіне жерге орналастыру жобасы әзірленіп, мемлекеттік актісі алынған. Қазіргі таңға сметалық құжаты әзірленді. Құны 27,4 млн теңге болатын нысан 2023 жылы бюджеттен қаржыландыруға ұсынылатын болады.
Балтакөл-Маяқұм елді мекен шекарасындағы Аққұм каналына қазіргі таңда «Қазсушар» РМК тарапынан СНП-500 дизель отынын тұтынатын насосы жеткізілген, суғару маусымы басталғанға дейін орналастырылып берілетін болады.
Ауыл тұрғындарымен өткізілген жиналыс барысында мәселесін айта алмаған азаматтар үшін де жеке қабылдау өткізген Сәкен Асылханұлы көтерілген мәселелердің түйінін тарқатуды тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берді.
«Тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер аяқсыз қалмауы керек. Бәрі хаттамаға енгізілсін. Әрбір бөлім басшылары өздеріне қатысты салалар бойынша жұмыс жасаңыздар. Бүгін айтылған мәселе келесі кездесуде қайта көтерілмеуі керек» деді Сәкен Асылханұлы.
Қос ауыл округінде өткізілген келелі жиындарда ардагерлер қауымы Сәкен Асылханұлының жауапты қызметіне табыс тілеп, ақ баталарын берді.