Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың жергілікті тұрғындармен кезекті кездесуі Байырқұм елді мекенінде өтті. Ауыл орталығындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылған жиын сұрақ-жауап үлгісінде ашық диалог форматында өтті.
Қала әкімі алдымен атқарылатын негізгі жұмыс-жоспарлар турасында қысқаша баяндады.
«Биыл Байырқұм мен Жиделі және Көкжиде, елді мекендеріне газ құбырының құрылысы бойынша cараптама қорытындысы мен сметалық құны жасалып, салалық және экономикалық қорытындылары алынды. Сәтін салса, 2023-2024 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Сонымен қатар, тұрғындар ұсынысына сәйкес Байырқұмда осы кездері көше бойына аяқ жол салынып, жарықшамдар орнатылып жатқаны туралы айтылды.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарды қойып, оған сала мамандары тарапынан нақты жауаптар алды. Атап айтқанда, электр бағаналарының ауыстырылуы мен электр қуатының әлсіздігі, жедел жәрдем көлігі мен диқандар үшін химиялық өңдеу дәрілеріне қолжетімділік мәселелері қозғалды.
Бұл бағыт бойынша тиянақты жұмыс жүргізілуін қала әкімі жіті бақылауда ұстайтын болып, жауапты қызметкерлерге тапсырмалар жүктеді.